Аллаһқа иман келтіру
الإيمان بالله
қазақ тілі – Kazakh – كازاخي
islamhouse.com
Аллаһқа иман келтіру
«Пайғамбар да, мүміндер де Раббылары тарапынан түсірілген нәрсеге иман келтірді. Олардың барлығы да Аллаһ Тағалаға, періштелеріне, кітаптарына және пайғамбарларына иман келтірді. Мүміндер: «Пайғамбарлардың араларын бөліп, жармаймыз. Біз Раббымыздың әмірін естідік, оған бой ұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, өйткені қайта тірілгеннен кейін қайтып барар жеріміз Сенің алдың» - деді», Аль-Бақара сүресі, 285 аят.
«Ей, мүміндер! Аллаһ Тағалаға, Оның Пайғамбарына және оған Раббысы тарапынан түсірілген Құранға, сондай-ақ, Құраннан бұрын түсірілген Кітаптарға иман келтіріңдер! Ал кім Аллаһ Тағалаға, Оның періштелеріне, Кітаптарына, Елшілеріне және Ақырет күніне иман келтірмесе, ол ақиқаттан тым ұзақ адасқан болады», Ан-Ниса сүресі, 136 аят.
«Кейін Жәбраил (оған Аллаһтың сәлемі болсын): «Маған иманның не екенін айтшы,» - дегенде Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Иман – Аллаһ Тағалаға, Оның періштелеріне, Кітаптарына, Пайғамбарларына, Ақырет күніне және жақсылық пен жамандықтың белгіленуі Аллаһ Тағаладан екеніне сенуің» - деп жауап берді», Хадистен үзінді.
Хадисті Омар бин Хаттаб және Әбу Һурайрадан (ол екеуіне Аллаһ разы болсын) Имам Бұхари және Имам Муслим риуаят етті.
Әрбір мұсылман иман келтіруі талап етілетін алты парыз: Аллаһ Тағалаға, Оның періштелеріне, Кітаптарына, Пайғамбарларына, Ақырет күніне, жақсылық пен жамандықтың тағдыры Аллаһ Тағаладан екеніне иман келтіру – иманның шарттары деп аталады. Пайғамбарлардың жіберілуі мен Кітаптардың түсірілуі алдымен адамдарға осы алты парызды жеткізу.
Иманның алты шартын толық қабылдамай ешбір адам иман келтірген болып есептелмейді, яғни, оның кәміл мұсылман екендігінде нұқсан және күмән болады. Сондай-ақ, алты шарттың біріне нанбаған кісі мүлдем діннен шығады.
Иман (الإيمان) сөзі тілдік мағынасы: бір нәрсені білу, растау, мақұлдау деген мағыналарға құрылған, ал шариғи мағынасы – Аллаһтың барлығына және Біреу екеніне сену, Оның Есім, Сипаттарын білу, растау, мойындау және шариғатын орындау.
Иманның алғашқы шарты төрт нәрсеге негізделеді.
Біріншісі: Аллаһ Тағаланың барлығына иман келтіру.
Екіншісі: Таухид рубубия – Барлық істерінде Аллаһ Тағаланы жалғыз деп біліп, жалғыз Аллаһ Тағаланы барлық нәрсені Жаратушысы, Ырыздық берушісі, жан беруші-алушысы және барлық әлемдердің Иесі деп мойындау.
Үшіншісі: Таухид улухия – Аллаһ Тағаладан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ деп сеніп, барлық құлшылық-ғибадаттарды Аллаһ Тағаланың тек Өзіне арнау.
Төртіншісі: Таухид асма уа сифат – Құран Кәрім мен Пайғамбарымыз Мұхамметтің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде көрсетілген Аллаһ Тағалаға тән есімдер мен сипаттарды мойындау.
Аллаһтың барлығына иман келтіру.
Есті адам табиғаттағы заттардың таңғажайып өзара үйлесімділігіне және ешқандай сәйкессіздіктердің жоқ екендігіне қарап-ақ әлемдегі заңдылықтарды бір жүйеге келтіруші күштің бар екеніне көзін жеткізері анық. Алайда, бұл өмірдегі құбылыстар мен заттарға әр адам өз тұрғысынан қарайды. Мысалы, әлем мен адамзаттың жаратылуы туралы бес түрлі пікір қалыптасқан:
Бірінші пікір: Бізді қоршаған әлемде, біз өзіміз де кездейсоқ, кенеттен пайда болғанбыз.
Екінші пікір: Барлық нәрсе судан, ал адам маймылдан жаралған.
Үшінші пікір: Қимылсыздық халінде болған шаң бөлшектері қозғалысқа түсіп, әрбір бөлшек өз бойындағы тартыс күш негізінде, бірі-біріне қосылып, нығаю нәтижесінде.
Төртінші пікір: Су құрамындағы биологиялық клеткалар химиялық реакцияға түсуі нәтижесінде.
Бесінші пікір: Барлық нәрсенің Жаратушысы болған Аллаһ Тағаланың қалауы нәтижесінде.
Енді осы бес пікірді талқыға салайық.
Бірінші пікір: Бізді қоршаған әлем, біз өзіміз де кездейсоқ, кенеттен пайда болғанбыз.
Біреу: «Мен аялдамада тұрғанымда, менен біраз қашықтықта кенеттен бір адам немесе басқа бір нәрсе пайда болады,» - десе, сіз оның сөзіне сенер ме едіңіз? Сенбейсіз. Неге? Өйткені, сіз үшін ондай жағдай болмайтыны аян. Демек, еш нәрсе өз-өзінен пайда болмайды. Керісінше, «сол нәрсені» «пайда етуші» керек. Бұл «кездейсоқ, кенеттен пайда болды» деген сөзге қатысты бірінші пікір.
Үй салардан бұрын құрылысшы қажет болған құрылыс заттарын дайындайды. Сізге біреу: «Бір құрылысшы құрылыс заттарын бір орынға жинаған еді, әрбір құрылыс заты, яғни, кірпіш, еден ағаштары, тақтайлар керекті орынына өздері барып орналасты.» - деген сөзіне сенер ме едіңіз? Жоқ. Неге? Өйткені бұл сөздің де қисыны жоқ.
Құран Кәрімнің Хиджр сүресінде мынадай аят бар: «Барша нәрсенің қоры Біздің қолымызда және Біз барлық нәрсені белгілі мөлшермен түсіреміз», Хиджр сүресі, 22 аят.
Ал Рағд сүресінде былай делінген: «Оның қасында барлық нәрсе өлшеулі», Рағд сүресі, 8 аят.
Шынында да, айналамызға қараңызшы. Мұқият қарасаңыз бізді қоршаған әлемде әр нәрсенің өзіне тән мөлшері, қозғалыс реті барлығын байқайсыз.
Мысалы, оттегін алайық. Ғалымдардың есептері бойынша жер бетінде оттегінің көлемі 21% құрайды. Ал жер бетіндегі оттегі көлемі 21% емес, 50% болса не болады? Жер бетіндегі жанатын заттардың барлығы отқа оранар еді.
Жер бетіндегі барлық жәндік дем алғанда ішіне оттегіні алып, өзінен көмірқышқыл газын (карбонат ангидрид) шығарады. Ал, өсімдіктер керісінше – ішіне көмірқышқыл газын алып, өзінен оттегін бөліп шығарады. Егер бұл алмасу процесі бұзылса, барлық жәндік пен өсімдіктердің тіршілігі бұзылар еді. Демек, оттегі болмаса жәндік болмайды, ал көмірқышқыл газы болмаса жер бетінде өсімдік қалмайды.
Күннің ыстығы жер бетіне белгілі мөлшерде түсіп тұрады. Егер жер бетіне түсіп тұрған күн қызуының мөлшері қазіргі уақытта түсіп тұрған мөлшерден жарым есе азайса, бүтін жер жүзін мұз басады. Сондай-ақ, керісінше күннің ыстығы жарым есе көбейсе, бүкіл дүние жанып кетеді. Демек, күннің ыстығы да белгілі мөлшерде.
«Күн өзіне белгіленген шеңберде жүреді. Бұл Аса Өктем, әр нәрсені Білуші Аллаһтың өлшеуі. Ескі құрманың қураған бұтағындай болғанға дейін айдың орындарын да өлшеп қойдық. Күннің айға жетуі мүмкін емес, түн де күннен оза алмайды. Бәрі де көкте жүзеді», Ясин сүресі, 38-40 аяттары.
Бұл аятта Құран Кәрім аспан денелерінің бәрі белгілі бір жүйемен қозғалуын баян етеді. Бұл айтылғандарға 14 ғасыр өте астроном ғалымдар көз жеткізіп жатыр. Олардың зерттеулері бойынша Күн және Күн жүйесіндегі барлық ғаламшарлар бір жарық жұлдыздың бағытында қозғалуда. Аяттағы: «Күн, Ай және жұлдыздар, әрбірі көкте жүзеді» - деген сөз қазір ешкімге таң емес. Күн жүйесіндегі барлық ғаламшарлар Күннің тартылысы күшінің әсерімен Күнді эллипс түрінде айналады емес пе?
Шын мәнінде әр нәрсенің белгілі шарты, заңды қисыны болады. Адамнан адам туады, жиырма бестегі ер азамат жетпіске келгенде қаусаған шал болады, оқыған озып, оқымаған тозады. Бірақ жоқтан еш нәрсе өздігінен пайда болмайды.
Ал, енді ойланып көріңіз – бізді қоршаған әлем, әлемдегі қатаң тәртіпке бағынышты болған құбылыс атаулар өзінен өзі, кенеттен пайда болуы мүмкін бе?
Екінші пікір: Барлық нәрсе судан, ал адам маймылдан жаралған.
Осыдан бірнеше жүз жыл бұрын адамдар арасында жансыз қоспалардан дәйекті түрде болатын өзгерістердің нәтижесінде тірі жәндік пайда болуы мүмкін деген пікір қалыптасқан болатын. Адамдардың көбісі, тамақ қалдықтарын бір орынға қалдырса уақыт өте олардан шыбын, тышқан, егеуқұйрық сияқты жәндіктер пайда болады деген ойда болған.
Сол уақытта Франческо Рэди есімді кісі жоғарыда айтылған пікірдің қате екенін ғылыми түрде дәлелдеу мақсатында тамақ қалдықтардың үстін шыбынды жолатпау үшін дәкемен жауып ашық жерге қояды. Уақыт өте тамақ қалдықтары кептірілген затқа айналды. Осылайша өте қарапайым жолмен Рэди өз замандастарына жәндік жансыз нәрседен пайда болуы мүмкін емес екенін дәлелдеген. Ойлап қарасаңыз, Фраческо Рэди замандастарының көзқарастары біздің ғылым мен техника дамыған дәуірімізде біршама ағайындарымыздың санасына сіңіп қалған тәрізді. Ол даму (эволюция) теориясы.
Даму теориясы кездейсоқтық негізінде жансыз нәрсе тірі жәндікке айналады деген «ақиқат» көзқарасқа негізделді.
Ал, жаратылыстану ғалымдары ше, олар не?
Зерттеу нәтижесінде бүкіл әлемнің ғалымдары тіршілік өз бастауын тіршіліктен алады, жанды нәрсе бойында жаны болмаған нәрседен пайда бола алмайды деген қорытындыға келген. Биологияда бұл «биогенез заңдылығы» деп аталады.
Биология ғалымдары биологиялық клетканы органикалық әлемнің негізгі ұясы ретінде қарастырады. Осы уақытқа дейін бірде-бір ғалым органикалық емес заттардан тірі биологиялық клетканың пайда болуын байқаған емес. Қазіргі уақыттың өзінде технологияның ең жоғары деңгейдегі жетістіктері негізінде биология ғалымдары бір органикалық клетканы қолдан жасауға дәрменсіз. Ал, адам бойындағы клетка саны жүз триллионнан астам. Олардың кейбірі кішкентай болғандығы сонша, олардың миллионы ине ұшына сиып кетері анық.
Жалғыз клетканың өзі биологтарды таңдандыруда. Өйткені, бір клетканың өзі триллиондаған молекулалардан құралады. Молекулалар, клетка бойында биохимиялық реакциялардың айна қатесіз болуына жауапты сан-алуан күрделі жүйелердің құрылыс бөлшектері қызметін атқарады.
Биология ғалымдарының бірі клетканың таңғажайып құрылысына қатысты былай пікір білдірген: «Бір клетканың қалай жұмыс істейтінін толық зерттеп білгеннің өзінде, соның өзі біз үшін өзімізді-өзіміз алдау болар еді. Өйткені, сезімталдық, ойлау, мінез-құлық, есте сақтау және де басқа сезімдерді нерв клеткаларын пайда ету жолдарын молекулалық биология тілімен бейнелеп түсіндіру қазіргі уақытқа мүмкін емес және қай кезде мүмкін болары белгісіз» (National geographic, сентябрь, 1976 жыл, 355 бет)
Шын мәнінде, бүкіл әлемді жаратқан Аллаһ Тағаланың құдіреті мен білімі шексіз.
«Құранның ақиқат екені айқындалғанға дейін әлем көкжиегінен және өздерінен оларға белгілерімізді жақында көрсетеміз. Расында Раббыңның әр нәрсеге куә екені саған жеткілікті емес пе?», Фуссылат сүресі, 53 аят.
«Сендердің Раббыларың Аллаһ Тағала. Одан басқа құдай жоқ. Ол барлық нәрсені Жаратушы. Ендеше Оған құлшылық етіңдер!», Аль-Анғам сүресі, 102 аят.
Өкінішке орай қазіргі уақытта жаңа талпынып жүре бастаған жас нәрестеге, көп жағдайда оның Жаратушысы бар екенін ата-анасының өзі де айтпайды. Ал, нәрестелік шағынан Аллаһ бар деген ұғымды бойына сіңірмеген бала өсе келе рухани кедей, имандылық сабақтарынан махрум болғанынан айналасына қатерлі адам болып қалыптасуы мүмкін. Ата-ананың осалдығына қоса, мектеп қабырғасында, айналасындағы әлеммен жаңа танысып келе жатқан жас өспірімнің санасына ғылыми түрде дәлелденбеген эволюциялық даму теориясы құйылады. Осы эволюциялық даму теориясы жөнінде де ой бөлісіп көрейік.
Жерді Аллаһ Тағала жаратпаған, жер өздігінен, бетінде топырақ қыртыстары жылдан-жылға өсу нәтижесінде пайда болған деген пікірді айтқан ең алғашқы ғалымсымақтардың бірі геолог Джеймс Хаттон (1726-1797жж) болатын. Бұл жайлы Хален Куртиз өзінің биология оқулығында ерекше айтып өткен. Жаратылыстану ғылымы саласында Джеймс Хаттонның теориясы «униформизм» деп аталады.
Джеймс Хаттоннан кейін даму теориясына көп ат салысқан ағылшын ғалымы Чарльз Лайель (1797-1875жж) 1830-1833 жылдары Лайель өзінің «Геология негіздері» атты үш томдық еңбегін жариялайды. Лайель де өзінің геологияға қатысты көптеген мағлұматтарды қамтыған еңбегіне сүйене отырып, жердің – сыртқы күш әсерімен емес, өздігінен жаратылғанын дәлелдеуге тырысады.
Ал, енді Чарльз Лайельдің өмір сүрген уақытында Ұлыбританияның саяси жағдайымен Лайельдің сол уақытта Британиядағы монархия жүйесіне қарсы күрес жүргізуші бір топ юристтер мен парламентшілердің қатарында болғанын ескерсек, Чарльз Лайель ненің негізінде даму теориясын қолдағаны анық болып шыға келеді.
Чарльз Лайель өмір сүрген дәуірде Британиядағы монархиялық жүйенің таянышы христиан дініндегі протестанттық шіркеу басшысы болатын. Себебі шіркеу қызметкерлері бұқара халықтың арасында: «Патша Құдайдың қалауымен таққа отырады. Демек, патша жер бетіндегі Жаратушысының өкілі.» - деген пікір таратып, сол арқылы патшаның билігіне бас июге өте күшті ықпал жасайтын. Монархияның қарсыластары патша билігінің негізгі тірегі шіркеу екенін түсініп, халықты ең алдымен дінге қарсы қоюға тырысады.
Френсис Хитчинг өзінің «Всемирный Атлас чудес» кітабінда Лайельдің даму теориясы саласында пәрменді зерттеу жасау себебін анықтап: «Инжильдегі дүниенің жаратылуы теориясына тойтарыс беретін «униформизм» теориясының пайда болуына ғылыми себеп қанша болса, саяси себеп те соншалық болған» - деген. Даму теориясы саласында Джеймс Хаттон мен Чарльз Лайельдің есімдерімен қатар аталатындардың бірі, ағылшын табиғат зерттеушісі Чарльз Дарвин (1808-1882жж).
Дарвиннің Д.Хаттон мен Лайельден ерекшелігі, Жаратушысының барлығын жоққа шығармаған (осыны биология, зоология, табиғаттану мамандары ерекше ескерсе жақсы болар еді). Дарвиннің пікірінше: тірі материяны Жаратушы жаратқан, яғни Аллаһ ең әуелі бір немесе бірнеше тіршілік иелерін жаратқан. Осыдан кейін жер бетіндегі қалған тіршілік иелері, Дарвиннің теориясы бойынша, Аллаһ Тағаланың араласуынсыз өздігінен пайда болған. Осы пікір негізінде Дарвин өзінің «Түрлердің пайда болуы» кітабінда адам баласы Аллаһ Тағаланың жаратқан мақұлығы емес, керісінше, табиғи сұрыпталудың жемісі, яғни, адам тәрізді маймылдар ұрпағы ретінде көрсеткен.
Қазіргі уақытта Дарвиннің бұл пікірін (ия, бар болғаны пікірін. Себебі, Дарвиннің өзі де, Дарвиннен кейінгі табиғаттанушылар да адамның адам тәрізді маймылдан жаралғандығына бірде-бір нақты дәлел келтіре алмаған) жалғанға шығаруға болмайтын ақиқат ретінде қабылдайтындар аз емес.
Осы уақытқа дейін табиғаттанушылар тапқан тасқа айналған сүйек қалдықтары нақты адам немесе маймыл сүйегі болып шығып жатыр.
Маймылдың (немесе адамның) жартылай маймыл немесе жартылай адам болған уақыт аралығына қатысты дәлел болатын шіріген сүйек те жоқ. Дарвиннің даму теориясы рас, дәлелденген болса оған қатысты дәлел қайда? Бір қызығы, осы жердегі осалдықтарын табиғаттанушы ғалымдардың өздері мойындап тұрса да: «Жоқ, дәлел бар. Ол Дарвиннің теориясы. Дарвиннің теориясы дәлелденген» - деп дауласады. Немен? Құр сөзбен бе?!
Айтпақшы бір дәлел бар. Ол қопарылған топырақтың арасынан табылған тіс. Біршама табиғаттанушы ғалымдар бұл тісті адам мен маймылды байланыстырушы түйін ретінде қабылдағаны рас. Ол аздай сол бір тіске қарап тұрып, оның иесін бейнелеп берушілер де болған. Ғажап емес пе? Тіс иесінің Небраск адамы деген есімі де болған. Ал осы біршама жылдар бойы адам маймылдан жаралғанына «бұлдартпайтын дәлел» ақыр соңында мыңдаған жылдар бұрын өмір сүріп кеткен бір бейшара шошқаның тісі болып шыққан. «Очевидность сотворения мира» доктор Дж. С.Маклин, 199 бет.
Енді Дарвиннің теориясына қатысты бірқатар атақты табиғаттанушылардың айтқан сөздеріне назар салайық.
«Өзіне биологияның барлық негіздерін қамтыған деп есептелетін дарвинизмнің ғылым саласында беделі болғаны рас. Алайда, жүз жылдан астам уақыт ішінде дарвинизм тым ауыр жағадайға душар болып отыр.» Френсис Хитчинг.
Чикагода (Иллинойс, АҚШ) өткен конференцияда 150 табиғаттанушы: «Эволюциялық даму теориясы мәселесі қазіргі биологтар арасында қызу тартыстың туындауына негізгі себеп. Сондай-ақ, бұл тартыстың түйіні шешілуінің де еш бір жолы жоқ» - деген тұжырымға келген.
Жер бетінде өмірдің пайда болуына қатысты астроном Роберт Ястров былай деген: «Өкінішке орай ғалымдар тіршіліктің қалай пайда болғанына нақты жауап бере алмайды. Себебі, химиктердің жансыз нәрседен жанды нәрсе жасау тәжірибелерінің бірі де сәтті шықпады. Ғалымдар тіршіліктің қалай пайда болғанын білмейді.» Соңынан осы сөзге қосымша: «Дүниетанушы ғалымдардың дүниенің жаратылғандығын жоққа шығаратын дәлелдері жоқ.» - деген.
Ағылшын New Scientist (Нью сайентисс) журналы былай деп жазды: «Дарвиннің даму теориясы ақиқатында ғылыми теория емес деген ойларын нығайтушы ғалымдардың саны, оның ішінде көпшілігі табиғаттанушы ғалымдардың саны күннен күнге арта түсуде. Дарвиннің теориясына сын тағушылардың көбісі жоғары лауазым иелері.»
Аллаһ Тағала Д.Хаттон, Ч.Дарвин сияқты, өздері адасып және өзгелерді де адастырушылар туралы Құран Кәрім былай деген:
«Олар Аллаһ Тағаладан ешқандай дәлел келмеген, ғылыми дәйекті негізі жоқ Аллаһ Тағаладан басқа нәрселерге табынады. Ондай залымдарға ешбір демеу жоқ», Хаж сүресі, 71 аят.
«Ей, адамдар. Сендерге бір мысал келтірілді, құлақ салыңдар. Сендердің Аллаһ Тағаладан өзге табынған нәрселеріңнің барлығы арнайы жиылып бір шыбын да жарата алмайды. Егер шыбын олардың бір нәрсесін алып кетсе, одан оны айырып та ала алмайды», Хаж сүресі, 73 аят.
Үшінші пікір: Қимылсыздық халінде болған шаң бөлшектері қозғалысқа түсіп, әрбір бөлшек бойындағы тартылыс күш негізінде, бірі-біріне қосылып, нығаюы нәтижесінде.
Төртінші пікір: Су құрамындағы биологиялық клеткалар химиялық реакцияға түсу нәтижесінде.
Жоғарыда бірінші және екінші пікірлерді талқылау барысында біз «ешбір нәрсе өздігінен пайда болмайды» - деген тұжырымға келген болатынбыз. Шаң – тозаң мен суға, барлық нәрсенің жарылуына түрткі болатын алғашқы бөлшек ретінде қараушыларға мынадай сұрақтарға жауап беруін өтінер едік:
1. Қимылсыздық халінде болған шаң-тозаң қайдан пайда болады?
2. Қимылсыздық халінде болған шаң-тозаңды қозғалысқа келтіруші кім немесе не?
3. Су қалай пайда болды?
Дінсіздік идеясымен суарылған кісі нақты дәлел келтіре алмаса да, қиқарланып: «Шаң да, су да өздігінен пайда болған, өздігінен әрекетке түскен» - дейді. Оның бұдан басқа жауабы жоқ!
Кейде осындайға қарап, қазіргі біздің прогресс дәуірінде өзіңмен замандас болған, ұзақ уақыт институт, университеттерде оқып, соның арқасында санасына көп нәрсені тоқыған кейбір зиялыларға қарағанда, қозы соңында жүріп «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген ата-бабасынан қалған даналық сөздің мәнісін ұғынған он жасар қазақтың қара баласы парасаттылау ма дерсің.
Жаратушының барлығына дәлел ретінде Құран Кәрімде дүниенің жаратылысы жайлы былай делінген:
«Мухаммад! Сен оларға былай де: «Жерді екі күнде жаратқан Ұлы Аллаһқа қарсы болып, Оған серік қосасыңдар. Ол бүкіл әлемнің Иесі емес пе? Оның үстіне асқар тауларды қойып, оны тіршілікке жарамды қылды. Оны сұраушылар болса төрт күнде жер үстінің рызық-несібесін белгіледі. Сосын мұнартқан түтінді аспанға құдіретін салып, аспан мен жерге: «Өз еріктеріңмен немесе мәжбүр болса да келіңдер!» - деді. Сонда олар: «Біз бағынып келдік!» - деді», Фуссилат сүресі, 9-11 аяттар.
Құран Кәрімнің бұл аяттарынан дүние жаратылар уақытында түтін немесе газ түрінде болғаны байқалады. Қазіргі уақытта жаратылыстану, физика, химия, астрономия салаларындағы көптеген ғалымдар өз зерттеулерімен Құран Кәрімнің аяттарын растауда, әлхәмду лилләһ!
Мысалы, белгілі астроном Джеймс Жинс: «Жаратылардан бұрын, дүниедегі барлық нәрсе газ халінде болған. Сол газ құрамындағы нәрселердің бірі-бірімен бірігуі нәтижесінде планеталар пайда болған.» - дейді. Құран Кәрім осыдан 1400 жыл бұрын түсірілген. Қазіргі уақытта ғылыми тілде газ деп аталатын химиялық заттың, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде өмір сүрген арабтарға аты да, заты да таныс емес-ті. Тек атағанда арабтар оны «духан» (түтін) деп атаған. Демек, Құран Кәрімнің дүниенің жаратылысы туралы берген мағлұматы рас, ғылыми зерттеулердің нәтижесі де соған дәлел.
Осы айтылғаннан: Мұхаммед (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) есімді оқу мен жазуды білмеген сауатсыз адам осындай ғылыми негізі бар хабарды қайдан біліп, үйренген? – деген сұрақ туындайды.
Құран Кәрім – қазіргі уақытта белгілі болған ғылымның түрлі саласында зерттеу жасап, жаңалық ашу құралы емес. Ол адамзатты тура жолға бастау үшін түсірілген Кітап. Адам баласы Құран Кәрімнің ішіндегі шындыққа жанасатын ғылыми мағлұматтарды біліп, солардың негізінде Құран Кәрімді – Хақ Тағаланың сөзі және Оның барлығына дәлел ретінде қабылдаулары лазым.
Мұхаммед (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) заманында Меккеде ғылыми зерттеу орталығы тұрмақ, медресенің өзі жоқ еді. Солай бола тұра Құранның кейбір аяттары қазіргі таңда ғалымдардың бастарын қатырып жатқан сүбелі тақырыптарда сөз қозғайды:
«Кәпірлер аспан мен жердің бір тұтас болғанын, сосын оларды ажыратқанымызды көрмей ме? Және Біз судан бар тіршілік иесін жараттық Олар осыған да нанбай ма?», Әнбия сүресі, 30 аят.
Бұл аят Құран Кәрімдегі мұғжизалардың (Аллаһ Тағаланың барлығына дәлелдің) бірі. Өйткені, аятта айтылғандай, жер мен аспан бір болып, кейін бірі-бірінен ажыратылғанын қазіргі ғылым дәлелдеуде.
Ғалымдардың айтуынша, әуеліде барлық нәрсе газ қалпында болып, кейін бөлшектерге бөлінген. Күн жүйесі де сол бөлінудің нәтижесінде пайда болған. Бұған дәлел-жердегі 92 химиялық элементтің 67-сі Күнде бар екендігі. Сондай-ақ, Айда да жердегі химиялық элементтердің кездесетіні анықталған. Осыдан, Құран Кәрімде айтылғандай, әлемдегі барлық нәрселердің пайда болған түп негізі бір екені көрінеді.
Енді аяттың «Біз судан бар тіршілік иесін жаратқанбыз» дегені, ғалымдар ашқан ең жоғары деңгейдегі ғылыми ақиқат осы десек артық емес.
Өмір сүру мен өсіп-өну үшін қажет болған химиялық өзгерістер судың қатынасынсыз болмайды. Бұл даусыз нәрсе.
Жер жүзінің үштен екі бөлігі судан тұрады. Ол біріншіден, жер бетіндегі ауаның қызуы бір қалыпты болуына ықпал етсе, екіншіден, жер бетіндегі тіршіліктің көзі, негізі де болып табылады.
Судың бұл айтылғаннан да басқа қасиеттері баршылық. Олардың әрбірі Аллаһ Тағала суды жәндіктердің өміріне себеп болатын нәрсе етіп жаратқандығына дәлел.
Мысалы, химиялық заңы бойынша, суықтың әсерімен әрбір денедегі судың химиялық құрамы қысымға түсіп, нәтижеде қоюланып, салмағы ауырласа, суықтың әсерімен мұзға айналған судың көлемі ұлғайып, салмағы жеңілдейді. Осының нәтижесінде мұз астындағы судың бойындағы жылудың сақталуына ықпал жасайды. Егер судың бойында бұндай қасиет болмаса, теңіз, көл, өзен сулары тұтасымен мұзға айналып, ондағы жәндіктер түгел қырылып қалар еді.
Құран Кәрім осыған меңзейді. Дүниедегі ешбір кітап Құран Кәрім тәрізді аз ғана сөзбен жер жүзіндегі тіршіліктің шексіз сырларын баян ете алмаған.
Бесінші пікір: Барлық нәрсенің Жаратушысы болған Аллаһ Тағаланың қалауы нәтижесінде.
Құдайға шүкір, қазір адамзаттың көпшілігі Жаратушысының барлығына сенді.
«Мұхаммад! Егер сен олардан: «Көк пен жерді кім жаратты?» - деп сұрасаң, олар сөзсіз: «Оларды Өктем де, барлық нәрсені аса Білуші Аллаһ Тағала жаратты» - дейді», Зухруф сүресі, 9 аят.
«Олардан: Көктен жаңбыр жаудырып, онымен жерді өлімнен кейін жандандырған кім?» - деп сұрасаң, олар әлбетте: «Аллаһ Тағала!» - дейді», Ғанкәбут сүресі, 63 аят.
Әрине, ешбір кісі алдымен адам пайда болып, сонан соң аспан мен жер, күн мен ай жаратылды деп айтысқа түспейді. Демек, бұл адам баласы дүниеге келерден бұрын аспан мен жер жаратылып, табиғаттағы тіршілік иелерінің өмір сүріп, өсіп өнуіне қажетті нәр, азық пайда болды деген сөз.
«Аллаһ Тағала көк пен жерді жаратып, аспаннан жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендерге ризық үшін жемістерді шығарып қойды», Ибраһим сүресі, 32 аят.
«Ол жердегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты. Сонан кейін аспанды меңгеріп, оны жеті қабат көк етіп тәртіптеді», Бақара сүресі, 29 аят.
Осыдан соң Аллаһ Тағала:
«Мен жерде бір орынбасар жаратамын» - деген еді. Бақара сүресі, 30 аят.
Барлық тіршілік иелерін, соның ішінде адам баласын да Аллаһ Тағала жаратты. Содан да болар осы уақытқа дейін ешбір халық дінсіз болмаған. Көп ғалымдардың пікірінше, Құдай, дін деген тұжырымдар адамзат табиғатына тән қасиет, сондай-ақ бұл түсінікті адам баласына тысқары күш, яғни, Аллаһ Тағаланың Өзі берген.
Доктор Поль Клеронс осыған қатысты былай деген: «Адам баласы өз ақылынан күшті бір ақыл және өзінің қуатынан күшті бір қуат бар екенін сезініп тұрады. Міне осының өзі адам баласын Аллаһқа деген иманға алып келеді».
«Міне бұл сендердің Раббыларың, Одан басқа құдай жоқ. Ол барлық нәрсені Жаратушы. Ендеше Оған құлшылық етіңдер!», Әнғам сүресі, 102 аят.
Адам баласы материалистік дәлелдермен Аллаһ Тағаланың барлығына иман келтіруі қиын. Сол үшін материалистік дәлелдермен қатар сезімталдық, сүйіспеншілік, ой қорыту сияқты рухани дәлелдердің болуы қажет. Құран Кәрім былай дейді:
«Мұхаммад! Құдай Тағаланың әуелде жаратқан болмысынан айнымай (Ибраһим пайғамбар бастаған) ханиф дінге бетіңді бұр. Аллаһ Тағаланың жаратуынан зәредей әмірін өзгертпеңдер, осы жолды мықтап ұстану ғана шынайы түзу дін. Алайда көп адамдар оны білмейді. Осы дінге қайта отырып, тақуалық етіңдер (Аллаһ Тағаланың азабынан қорқыңдар)! Намазды ретімен оқыңдар, мушрик қауымдардан болмаңдар», Рұм сүресі, 30-31 аяттар.
Негізінде адам баласы шынайы діндар болып дүниеге келеді, алайда Құран Кәрімде айтылғандай, бұл ақиқатты көп адамадар білмейді. Себебі олар діндарлықтың адам баласының табиғатына тән нәрсе екенін түсінбейді. Тереңінен ойланған және ізденген адам бұны түсінуі қиын емес. Пайғамбарымыз Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) осыған қатысты былай деген:
«Әрбір жан табиғатында діндар болып туылады. Бірақ ата-анасы тәрбие арқылы оны яһуди (иудей), масихий (христиан) немесе мажусий (отқа табынушы) етеді». Хадисті Әбу Һурайрадан Имам Бұхари және Имам Муслим риуаят етті.
Адам баласы ауыр жағдайға душар болса еріксіз Аллаһ Тағалаға жалынуға мәжбүр. Осыдан-ақ діндарлық адам баласының табиғатына тән екені білінбей ме?
Морисон осы туралы былай дейді: «Адамзат тарихының алғашқы күндерінен бастап осы уақытқа дейін амалсыз өзінен қуатты, ұлы, әрі жоғары болушы бір күш бар екенін сезеді. Міне осының өзі-ақ адам баласы табиғатынан екеніне үлкен дәлел. Бұл ақиқатты осы күні ғылым да растауда».
Құран Кәримде осы мағынада көптеген аяттар бар. Мысалы:
«Адамдар қиыншылыққа ұшыраса олар Раббыларына ықыласпен жалбарынады. Кейін оларды кеңшілікке жеткізсе, олардың бір бөлігі Раббыларына серік қосады», Рум сүресі, 33 аят.
«Оларды таулардай толқын орап алса, олар Аллаһ Тағалаға шындап беріле дұға етеді. Егер оларды құрлыққа сау-саламат жеткізсе, кейбіреулері босаңсып қалады», Лұқман сүресі, 32 аят.
Құрметті оқырман, бұндай жағдай менің басымнан өтпеді деп сеніммен айта аласыз ба?
Бізді жаратқан да, несібемізді белгілеуші де Аллаһ Тағала екен. Ендеше барлық мақтау, алғысымызды жалғыз Өзіне арнауға міндетіміз. Тек солай еткенде ғана мұсылман қатарына қосылып, Хақ Тағаланың ризалығына лайық боламыз.
«Жын мен адамазатты Өзіме құлшылық етулері үшін жараттым. Олардан бір несібе тілемеймін және олар Маған тамақ берсін деп те тілемеймін», Зарият сүресі, 56-57 аяттар.
«Ей, Адам баласы! Сендерді және сендерден бұрынғыларды жаратқан Раббыларыңа құлшылық етіңдер. Мүмкін сонад Ақырет азабынан сақтанарсыңдар. Ол сендерге жерді төсек, аспанды баспана етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендерге түрлі өсімдіктерден ризық шығарып берді. Сондықтан осыны біле тұра Аллаһ Тағалаға серік қоспаңдар», Бақара сүресі, 21-22 аяттар.
Адам баласы осы бес күндік жалғанның қызығына алданып, Жаратушы Иесінің ғибадаттарынан қашады, жалқауланады. Нәтижеде Ақыреттің мәңгілік дәулетінен махрум болады. Осы мағынада мынадай риуаят бар:
«Аллаһ Тағала айтады: «Мен барлық құлымды иманды етіп жараттым. Кейін шайтандар келіп, оларды азғырады. Олар Менің халал еткенімді адамдарға харам етеді. Осылайша Менен бұйрық келмесе де халалды харам, харамды халал етуге және Маған серік қосуға шайтандар әмір етеді». Хадис Қудси. Хадисті Ғиядтан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Муслим риуаят етті.
«Расында тозақ үшін көптеген жындар мен адамдарды жараттық. Олардың ұқпайтын жүректері, көре алмайтын көздері және сөз кірмейтін құлақтары бар. Олар жайылған мал сияқты, бәлкім онан да әрі. Міне солар мүлде қапы жандар», Ағраф сүресі, 179 аят.
«Немесе олардың көбін тыңдайды немесе ойланады (пікірлейді) дейсің бе? Олар мал сияқты, бәлкім онан да әрі адасқан жандар», Фұрқан сүресі, 44 аят.
Әр уақытта ел ішінде Аллаһ Тағаланы мойындамайтын қыңыр жандар болған. Бірақ қанша күпірлік етсе де олар мына жалғанда мәңгілік емес. Топырақтан жаратылған нәрсе топырақпен қауышады.
Иманды жан үшін бұл өмір – қас-қағым сәт. Ол ертең-ақ жер қойнында бір төмпешік болып қалары хақ. Бұйырған жандар бір кез кебінін ала кетер, болмаса ол да белгісіз. Хақ Тағала айтады:
«Әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады. Сосын Бізге қайтарыласыңдар», Ғанкәбут сүресі, 57 аят.
«Әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады. Сендерді жақсы-жаман күйге салып, сынаймыз. Кейін Біз жаққа қайтарыласыңдар», Әнбия сүресі, 35 аят.
«Әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады. Қиямет күні амалдарының ақысы толық төленеді. Сонда кім оттан құтқарылып жұмаққа кіргізілген болса, сол анық жеңіскер болады. Негізінде дүние тіршілігі алданыш нәрсе ғой», Әлі Имран сүресі, 185 аят.
Осыны ой елегінен өткізген иманды болған пенде Ақырет үшін еңбектенеді. Әр пенденің сол еңбегі – ғибадат деп аталады.
Астамшылығы шектен шығып кеткендер былай сөйлеуі де мүмкін:
«Ферғаун: ««Әлемнің Раббысы» - деген не?» - деді», Шұғара сүресі, 23 аят.
««Сендердің ең жоғары Иелерің менмін» - деді», Назиғат сүресі, 24 аят.
«Ей, халқым, сендерге өзімнен басқа құдай бар деп білмеймін» - деді», Қасас сүресі, 38 аят.
«Мұса: «Ол сендердің және сендердің ата-бабаларыңның Раббысы» - деді. Ферғаун: «Расында сендерге жіберілген Пайғамбар, мүлде есінен адасқан» - деді. Мұса: «Егер түсінсеңдер, Ол шығыс пен батыстың және соның екі арасындағылардың Раббысы» - деді», Шұғара сүресі, 26-28 аяттар.
«Ей, Ферғаун! Сен бұл аяттарды көктер мен жердің Раббысы түсірген анық мұғжиза екенін біліп тұрсың ғой!» - деді», Исра сүресі, 102 аят.
Бірақ Ферғаун мен оның қол астындағылары:
«Бірақ іштей көздері жетіп тұрса да олар зұлым және астамшылықпен Мұсаның көрсеткен мұғжизаларына қарсы шықты», Нәміл сүресі, 14 аят.
Иман және ғылыми дәлелдер
Ескі замандарда күнәһарлыққа беріліп кеткендерді тура жолға салу үшін Аллаһ Пайғамбарларын жіберіп, Оларды мұғжизалармен қуаттап отырған.
Мұғжиза – адам баласы істеуге дәрменсіз әдеттен тыс амалдар. Мұғжизаларды көрген адамдар Пайғамбар Аллаһ Тағаланың шынайы Елшісі екеніне сенген. Көп Пайғамбарда өмір сүрген дәуіріне тән мұғжизалары болған.
Ислам: «Мен айттым болды, жығыл да, басыңды сәждеге қоя бер!» - деген соқыр сенімге нұсқамайды. Керісінше, Ислам діні адам баласын Аллаһ Тағаланың барлығына сендіру үшін ақыл, сананы іске қосу тәсілін кеңінен қолданады. Исламның бұл ерекшелігі ешбір дінде жоқ. Құран Кәрім Аллаһ Тағалаға иман келтіру үшін ақылмен жасаған қисынды қорытындыларға сонымен қатар ғылыми дәлелдерге сүйенуді талап етеді.
Аллаһ Тағаланың барлығына үлкен дәлелдің бірі – біздің галактикамыз. Өзіміз жасап жатқан жер және оның айналасындағы сансыз жұлдыздар. Шұқшия зерттеп ой толғаған адамға осыдан артық дәнеңе қажет емес.
Құран Кәрімдегі көптеген аяттар аспан, жер және бізді қоршаған, галактиканың жаратылысына көңіл аудару арқылы бір Жаратушы Иенің барлығына деген сенімді күшейтуге үндейді.
«Ей, Пайғамбар! Көктер мен жерде не барына қараңдар?» - де», Юнус сүресі, 101 аят.
«Нанбайтындар аспан мен жердегі Аллаһ Тағаланың иеліктеріне назар салмай ма?», Ағраф сүресі, 185 аят.
Айналадағы кең әлемге назар салып, ондағы әрбір нәрсенің даналық сырына үңіле тұра Аллаһ Тағаланың барлығына иман келтірмегендерге өзге дәлел көптік етеді.
Ал, иманды пенде әлемнің жаратылысының өзін Аллаһ Тағаланың ұлы құдіретіне бас июге жеткілікті дәлел ретінде қабылдайды.
«Көк пен жерде мүминдер үшін Аллаһ Тағаланың барлығына көп белгілер бар. Сендердің жаратылыстарың мен сан алуан басып жүрген жануарлар сенер адамдарға жетерлік белгілер. Түн мен күндіздің ауысуы, Аллаһ Тағала көктен жаңбыр жаудырып, өлі жерге жан бітіруі және желдің сан құбылған өзгерістері санасы барларға жеткілікті ғибрат», Жәсия сүресі, 3-5 аяттар.
«Құран аяттарының бөлек-бөлек болып түсуімен ант етемін Егер түсіне білсеңдер бұл өте терең серт!» - делінген, Уақиға сүресі, 75-76 аяттар.
Кейбіреулер аяттың сөздік мағынасына сәйкес «жұлдыз» деп түсініп, оны қазіргі заманғы ғылым мен техниканың табыстарына сілтеме жасайды. Десе де, жұлдыздардың аспан әлемінде қысқа түнде қырық айналып жатса да өздеріне белгілі шектен аспай, адамзаттың санасын өзіне аударып келе жатқаны шындық. Тек осы шындықтың иман келтіруге аздық ететіні ғажап емес пе?
Астрономдардың айтуынша, Жер Күн жүйесіндегі кішкентай ғана бір планета болып есептеледі. Күн жүйесі біздің галактикамыздың бір бөлігі ғана. Ал енді галактикамыздағы жұлдыздар саны қанша?
Астрономдардың есебі бойынша аспанға оптикалық құралсыз қараған кісінің көруі мүмкін болған жұлдыздардың саны алты мыңнан аспайды. Ал шын мәнінде галактикамыздағы жұлдыздардың саны 40 миллиардтан 100 миллиардқа дейін жетуі мүмкін. Біздің жүйеміздің өзегі болып есептелетін Күн сол жұлдыздардың бірі. Бізге жақындығынан Күн үлкен болып көрінгенімен басқа жұлдыздармен салыстырғанда орташа ғана.
Енді біз өмір сүріп жатқан галактиканың көлемі қанша? Ғалымдардың есебі бойынша жарық жылдамдығымен (секундына 299793 км) жылжығанның өзінде галактикамыздың бір шетінен екінші шетіне кесіп өту үшін 100000 жыл керек екен! Сонда галактикамыздың көлемі қанша шақырым болғаны? Бұны анықтау үшін жарықтың бір жыл көлемінде өтетін қашықтығын (10000000000000, яғни 10 триллион км) жүз мыңға көбейтеміз. Нәтиже: 1000000000000000000 (бір квинтиллион) шақырым болады.
Галактикамыздағы жұлдыздардың арақашықтығы, орта есеппен 60 триллион километр.
Бұл тек біздің галактикамызға жүргізілген есеп. Ал басқа галактикалар ше, олардың саны және олардағы жұлдыздардың саны қанша?
Галактикалардағы миллиардтаған жұлдыз, олардың қатаң тәртіппен орналасып әрекетке келуі бір ұлы құдіреттің барлығына дәлел.
«Менің діни ұғымым – шексіз болған бір Рухтың бар екеніне негізделеді... Құдайдың құдіреттілігі, Оған деген терең сенімді сезіну үшін мына әлемге назар салғанымның өзі жүрегімдегі Жаратушы бар деген сенімді нығайта түседі», Эйнштейн.
«Өмірдегі барлық нәрсе Жаратушының барлығына куәлік беріп, Ол құдіретті және Ұлы екенін дәлелдейді. Біз ғалымдар, дүниедегі кейбір нәрселерді зерттегенімізді, Жаратушының даналығы, қолы және құдіреттілігімен жаратылған нәрселерді әңгімелеумен шектелеміз.». Марит Стенли, Америка Медициналық пәндер академиясының мүшесі.
«Біз дүниедегі қатаң тәртіпті таңдана сезінудеміз. Космолог пен физиктер бұл тәртіптің таңғажайып жақтарын табуда». Diskover (Дискавер) ғылыми журналынан.
Астронавт Джон Гленн жұлдыздардың қатаң тәртіп пен бір заңдылыққа сәйкес қозғалуының әсерімен өзіне өзі: «Осының барлығы өздігінен пайда болуы мүмкін бе? Космостың айдын даласында қалқып жүрген жұлдыздардың айналып жүретін жолына (орбитасына) түсуі кездейсоқ нәрсе ма?» - деген сұрақ берген. Соңынан: «Мен бұл нәрсеге сенбеймін. Бір құдіретті күш барлық нәрсені өз жолына (орбитасына) түсіріп, оларды сол қалыпта ұстап тұр.» - деген қорытындыға келген.
«Дүниедегі табиғат заңдылықтары айна қатесіз болу себебінен біз үшін Айға ұшыратын ракетаны жасау қиын емес. Бұл заңдылықтар Біреудің ұйғаруымен жасалған болу керек!» Вернер фон Браун, ракета жасау маманы.
Осындай таң қаларлық, керемет нәрселерді біліп, ести тұра неге Аллаһ Тағаланың барлығына, Оның бүкіл әлемді Жаратушы Иесі екеніне неге иланбасқа?
«Көк пен жердің жаратылуында, күн мен түннің алмасуында ақыл иелері үшін жетерлік өнегелер (ғибрат) бар. Олар тік тұрып та, отырып және жамбастап жатып та Аллаһ Тағаланы еске алады. Сондай-ақ көк пен жердің жаратылуы жайында ойланып: «Раббымыз, Сен бұны босқа жаратқан жоқсын. Сен кемшіліктерден пәксін. Бізді от азабынан сақта!» - дейді», Әли Ғимран сүресі, 190-191 аяттар.
«Мұхаммад! «Көрдіңдер ме? Құран Кәрім Аллаһ Тағаладан түсірілген болып, оған қарсы келсеңдер, сонда сол ақиқатпен қайшылыққа түскен біреуден артық адасқан кім болады?» - де. Құран шындық сөзі екені айқындалғанға дейін әлемдегі және өздеріңдегі белгілерімізді жедел көрсетеміз. Раббыңның әр нәрсеге куә екендігі саған жеткілікті емес пе?» , Фуссилат сүресі, 52-53 аяттар.
Таухиду Рубубийа
Жоғарыда айтылғандай Аллаһқа иман келтіру шартының бірінші негізі – Таухиду Рубубийа.
Таухиду Рубубийа – Барлық істерінде Аллаһ Тағаланы жалғыз деп біліп, жалғыз Аллаһ Тағаланы барлық нәрсені Жаратушысы, Ырыздық берушісі, жан беруші-алушысы және барлық әлемдердің Иесі деп мойындау.
«Раббы» сөзінің тілдік мағынасы: Аллаһ Тағала жалғыз Өзі әмір, билік Етуші, Ие болушы, әлемдегі барлық нәрсені ретке Келтіруші, ал, шарғи мағынасы: Әр нәрсеге жан беріп, жан Алушы, дұға, тілекті қабыл Етуші, барлық нәрсеге құдіреті Жетуші, барлық жаратылғанның ризығын Белгілеуші, әрбір істің болуын немесе болмауын Ұйғарушы – деген мағынаны білдіреді.
Бұған қосымша Таухиду Рубубийаға – бүкіл әлемдегі барлық оқиғамен іс-әрекет тек бір Аллаһ Тағаланың қалау, білім және құдіреті себебімен болатындығы туралы ұғым кіреді.
«Қапы болмаңдар: жарату және бұйрық беру тек Оған тән. Өте жоғары ұлы Аллаһ бүкіл әлемнің Раббысы!», Ағраф сүресі, 54 аят.
Аллаһ Тағала бүкіл тіршіліктің Жаратушысы, барлық тіршілік иелеріне өмір Беруші Аллаһ өзі қалаған мақұлыққа жан береді. Аллаһ Тағаланың бар болуының басы және соңы жоқ. Ол ешқашан жоқ болмаған, Оны ешкім жаратпаған. Аллаһ шаршамайды және ұйықтамайды.
«Аллаһ Тағаладан басқа құдай жоқ. Ол мәңгі тірі Болушы, барлық нәрсені Меңгеріп тұрушы. Ол қалғымайды да ұйықтамайды», Бақара сүресі, 255 аят.
Құран Кәрім қысқа ғана сөзбен бізге Аллаһ пен мақұлықтардың сипаттамасын баян етеді.
«Бүкіл жер жүзіндегілер жоқ болып тек Ұлы дәрежедегі Ие әрі мүминдерге жомарт болушы Раббыңның Өзі ғана қалады», Рахман сүресі, 26-27 аяттар.
Аллаһ Тағала адам, мал және жәндіктер сияқты тамаққа мұқтаж емес.
«Көк пен жерді Жаратушы, басқаларды қоректендіріп, өзі қоректенбейтін Аллаһ Тағаладан басқаны құдай тұтайын ба?» - де. Сендер де Аллаһ Тағалаға серік қосушылардан болмаңдар!», Әнғам сүресі, 14 аят.
Міне, осы аят арқылы Аллаһ Тағала пұтпарас (мүсінге табынатын) мушриктердің пұттарына атап, олардың жолына құрбандыққа адамды бауыздау қате іс екенін түсіндірді. Пұтпарастар (мүсінге табынатын) құрбандықтың етін өздері жер еді. Себебі, Аллаһ Тағала жемейді. Осы ақиқат арқылы Құран Кәрім адамды осындай теріс амалдан (адамды құрбандыққа шалудан) азат етті. Алайда, қазіргі уақыттың өзінде көп адамдар дүмше молда мен өлген адамдарды жарылқаушы-пір тұтқан мушрик бақсы, балгерлердің нұсқауларымен қате жолға түсіп, мал-ақшаларын бекерге шашуда. Себебі, бізге денсаулық беріп, жолымызды ашатын тек бір Аллаһ қана. Адамдарға балшы, емші, бақсы болу парыз емес, мұсылман болу парыз. Еш уақытта жаратылған зат Жаратушыдан жоғары немесе Онымен тең бола алмайды.
Аллаһ Тағаланы Раббым дей тұрып, Оны жалғыз Құдай деп білмеген, құлшылығында Оған серік қосып, өзі тәрізді мақұлықты Аллаһ Тағалаға теңеген кісі мұсылман болып есептеле ме? Жоқ. Ондай кісі мұсылман емес, мушриктердің (Аллаһ Тағалаға серік қосушылардың) қатарына қосылады.
Мушрик те Аллаһ Тағала Жаратушы екенін біледі. Алайда, намаз оқу, дұға ету, қабірді зиярат ету т.б. амалдарында Аллаһ Тағалаға серік қосады.
Мысалы, намазды Аллаһ Тағаланың емес, әруақтың ризалығы үшін оқитын, «намаз оқысам болама ма?» деп, өлген кісілерден рұқсат сұрайтын «тәуіп – әулиелер» бар. Бұған дәлел: «Намаз оқымасам мені әруақтар қысады» - деген сөз. Бұл сөзді талай кісі естіген болса керек. Түп негізін қарасақ, намаз оқу әруақтың емес, Аллаһ Тағаланың бұйрығы. Демек, намаз оқымағаны үшін жауап алатын Аллаһ Тағаланың өзі.
«Мен Аллаһ Тағаламын. Менен басқа құдай жоқ. Сондықтан Маған ғана құлшылық қыл. Сондай-ақ Мені еске алу үшін намазды толық орында!», Таһа сүресі, 14 аят.
Дұға ету мәселесіне келсек, қазақта: «Құдайым өзің жарылқа, әруағым қолда!» - деген сөзі бар. Құдайымыз – Аллаһ Тағаланың құдіреті шексіз болса, біз бұны біле тұрып неге өлген кісілерді қабаттастырамыз? Өзі дұғаға мұқтаж өлген кісі кімге жәрдем береді? Бізге ме? Аллаһ Тағалаға ма?
Аллаһ Құран Кәрімнің Қаф сүресінің он алтыншы аятында:
«Біз адам баласына күре тамырынан да жақынбыз!» - деген. Демек, Аллаһ Тағаланың сөзі ақиқат, бізге қабірде жатқан мәйіт емес, Аллаһ Тағала жақын екен.
«Аллаһ Тағаланың әр нәрсеге күші толық жететінін білмедің бе? Көк пен жердің иелігі Аллаһ Тағалаға тән екенін білмедің бе? Сендер үшін Аллаһ Тағаладан өзге не дос, не жәрдемші жоқ», Бақара сүресі, 106-107 аяттар.
«Саған ғана құлдық етіп, Сенен ғана көмек сұраймыз» деп әр намаз сайын «Фатиха» сүресінде оқып тұрып, аузымыздан шыққан сөзді аңдамасақ кім болғанымыз?!
Осы жерде қабірді зиярат ету қабірге бару мәселесін қысқаша талқылап өтсек орынды болады.
Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті бойынша қабірді біріншіден, марқұмдарға дұға ету, яғни, Аллаһ мәйіттің күнәсін жарылқауын тілеу, екіншіден, өлімді, Ақыретті еске алу үшін зиярат етіледі.
Ислам діні келерден бұрын, жәһилият (надандық) дәуірінде, арабтар Ақырет күніне, істеген жақсы және жаман амалдары үшін жәннат немесе тозаққа баратынына сенбейтін. Осы себепті бір кісі жан тапсырса дүниені басына көтеріп жоқтау айтып жылайтын еді. Қабірге зияратқа барса да, жағаларын жыртып, жоқтау айтып боздайтын. Ислам діні оларды бұндай әдепсіздіктен қайтарды. Исламның алғашқы дәуірінде мұсылмандарды бұл жиренішті әдеттен арылту мақсатында Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қабірді зиярат етуге тыйым салған болатын. Пайғамбарымыз Мұхаммадтың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мұғжизаларын өз көздерімен көріп, ислами әдеп қалыптасқан соң Пайғамбарымыздың Өзі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қабірді зиярат етуге рұқсат етіп:
«Мен сендерді қабірлерді зиярат етуден қайтарған едім, енді зиярат етсеңдер болады» - деген. Хадисті Бурайдадан Имам Муслим риуаят етті.
Аллаһ Тағалаға серік қоспай, Оны Құдайым деп білген адам Ислам шариғатынан білгеніне амал етеді. Мұсылман үшін Жаратушысының ризалығына лайық болудың басқа жолы жоқ.
«Мухаммад! «Аллаһ Тағаладан басқа бізге пайда немесе зиян келтіре алмайтын жасанды құдай, пұттардан тілейік пе?» - де», Әнғам сүресі, 71 аят.
«Мухаммад! «Аллаһ Тағаланың діні – сол ғана тура жол. Біз әлемнің Раббысына бой ұсынуға бұйырылдық!» - де», Әнғам сүресі, 71 аят.
«Мухаммад! Сен және сенімен бірге тәубе еткен пенделер қалай бұйырылған болса солай түзу болыңдар, шеттен аспаңдар. Аллаһ Тағала сендердің амалдарыңды көріп тұр», Һуд сүресі, 112 аят.
Қабірдің басына кесене көтеріп, үстіне тас қою, марқұмның мүсінін жасап, суретін ілу – бұның барлығы Ислам шариғатымен бүтіндей сыйыспайтын амал.
«Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қабірді әктеуден, үстіне отырудан және үстіне құрылыс салудан тыйған», Хадисті Жәбірден Имам Муслим риуаят етті.
Жалпы, қабірді зиярат ету Ислам шариғатында мустахаб амалға жатады. Мустахаб дегеніміз – істесе сауап болатын, істемесе күнәһар болмайтын амал. Демек, шарғи жолмен зиярат етсең сауап аласың, зиярат етпесең күнәһар емессің.
Мұсылман кісі қабірдің басына барып, өлген кісіден еш нәрсе сұрамайды, оған сыйынбайды. Қабірдің басына барып, марқұмнан медет, ауруына шипа талап етумен адамдар Аллаһ Тағалаға серік қосып, өз-өзіне үлкен зұлымдық қылған болады. Себебі, Аллаһ Өзіне құлшылық еткен пенденің барлық күнәсін кешірсе де, серік қосуын кешірмейді.
«Аллаһ Тағалаға құлшылық етіп, Оған еш нәрсені серік қоспаңдар!», Ниса сүресі, 36 аят.
«Аллаһ Тағала Өзіне серік қосқанды кешірмейді. Одан басқа күнәларды қалаған пендесіне кешіреді. Кім Аллаһ Тағалаға серік қосса, ол өте ұзақ адасқан болады», Ниса сүресі, 116 аят.
Пайғамбарымыз Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарды қабірге сыйынудан қайтарып былай деген:
«Қабірге қарап намаз оқымаңдар және оның үстіне отырмаңдар!», Хадисті Әбу Марсад Канназ ибн Хусейннен (оған Аллаһ разы болсын) Имам Муслим риуаят етті.
«Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өтерінен бұрын бес күн бұрын айтты: «Сендерден бұрыңғылар пайғамбарларының қабірлерін мешіт етіп алған еді. Сендер де соларға ұқсап, қабірлерді мешіт етіп алмаңдар, Мен сендерді одан тыямын», Хадисті Джундуб ибн Абдуллахтан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Муслим риуаят етті.
Бір хадисте: «Пайғамбарлардың қабірлерін ғибадатханаға айналдырған әуелгі қауымдарды Аллаһ Тағала лағынеттеді.» - делінген.
«Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Фатима анамызға (өз қызына): «Мен өздігімнен Аллаһ Тағаланың қалауынсыз саған ешбір пайда келтіре алмаймын», Хадисті Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Бұхари және Имам Муслим риуаят етті.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) осылай деп тұр. Ал пайғамбарлардан артық тақуа, әулие ешбір пенде жоқ. Менің ата-бабам пайғамбардан артық немесе одан жоғары деп кім айта алады.
«Дін жолындағы пенделер иманның хақиқатын білсін!» - деген екен Абай атамыз. Ал иманның ақиқаты – бүкіл әлемді жаратқан жалғыз Аллаһ Тағаланы Раббым деп біліп, тек Соған ғана құлшылық ету.
«Ей, адам баласы, сендерді және сендерден бұрыңғыларды жаратқан Раббыларыңа құлшылық қылыңдар! Мүмкін сендер Алладан қорқасыңдар. Сендерге жерді төсек, аспанды баспана етіп берді, әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендерге әр-түрлі ризықтар шығарып қойды. Ендеше, осыны көре тұра Аллаһ Тағалаға серік қоспандар!», Бақара сүресі, 21-22 аяттар.
«Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббысы Аллаһ Тағалаға тән!», Фатиха сүресі, 1 аят.
«Барлық мақтау көк пен жердің және әлемнің Раббысы Аллаһ Тағалға тән!», Жәсия сүресі, 36 аят.
«Менің намазым, құлшылығым, тіршілігім және өліммім Раббым Аллаһ Тағаланың еркінде. Оның серігі жоқ. Мен осылай білуге бұйырылдым және мен Оған бойұсынушылардың әуелгісімін!» - де», Әнғам сүресі, 162, 163 аяттар.
«Жаратушы Аллаһ еш нәрсе жарата алмайтындармен тең бола ма? Осыны түсінбейсіңдер ме? Сендерге Аллаһ Тағаланың нығметін санасаңдар санына жете алмайсыңдар. Рас, Аллаһ Кешіруші, Мейірімді. Аллаһ ашық және жасырын істегендеріңді біледі. Аллаһ Тағаладан басқаға сыйынып жүргендері еш нәрсені жарата алмайды, өйткені олардың өздері жаратылған. Олар тірі емес, өліктер, олар қашан тірілетіндерін білмейді. Сендердің құдайларың жалғыз Аллаһ қана.», Нахыл сүресі, 17-22 аяттар.
Таухид Улухийа
Аллаһ Тағалаға иман келтірудің екінші негізі – таухид улухийа.
Таухид Улухийа – Аллаһ Тағаланы ғибадатта жалғыз деп білу деген ұғымды білдіреді.
ألوهية (улухийа) сөзі إله (илях) сөзінен туындаған, ал илях сөзінің тілдік және шариғи мағынасы «құлшылыққа лайық, теңдесі жоқ құдай» Аллаһ Тағала деген мағына білдіреді. Демек, الله إلا إله لا (Аллаһтан басқа құдай жоқ) сөзін шын көңілмен айтқан кісі Аллаһ Тағаланың барлығы және жалғыздығын растап, жалған құдайларды жоққа шығарған болып есептеледі. الله إلا إله لا (Аллаһтан басқа құдай жоқ) сөзінің өзі – «Аллаһ Тағаладан басқа құлшылыққа лайық құдай жоқ» - деген ұғымды білдіріп, адам баласының Жаратушысына деген құлшылық жолындағы ең әуелгі және маңызды қадамы болып есептеледі. Ал құлшылық (عبادة) дегеніміз дағды бойынша еңкейіп, тұру емес, бәлкім ол адам баласының жүрегіндегі Аллаһ Тағалаға деген шексіз махаббат негізінде пайда болатын Жаратушысының әміріне деген толық мойынсұну сезімі.
Шын ықыласпен жасалған құлшылық Таухид Рубубияның негізі болып табылады. Сол себептен «Мен мұсылманмын» деген кісі жалғыз Аллаһ Тағалаға құлшылық етіп, құлшылығында Оған серік қоспай, тілек пен дұғалары жалғыз Аллаһ Тағалаға бағышталып, амалының барлығы тек Аллаһ Тағаланың ризалығы үшін шариғатқа сәйкес орындалуы шарт. Бұл шарт болмаған жағдайда «мен мұсылманмын» деген сөздің мағынасы болмай қалады.
Аллаһ Тағаланың құдіретімен мына фани жалғанға келуіміздің де мәнісі осында. Осыған қатысты Аллаһ Тағала Құран Кәрімде былай деген:
«Мен жындар мен адамдарды Өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым», Зарият сүресі, 56 аят.
«Раббың тек Өзіне ғана ғибадат етулеріңді әмір етті», Исра сүресі, 23 аят.
«Құдайларың зат мен сипатында тең болмаған бірақ құдай. Одан басқа құдай жоқ. Ол аса Қамқор, ерекше Мейірімді», Бақара сүресі, 163 аят.
«Аллаһ Тағалаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар», Ниса сүресі, 36 аят.
Әуелгі Пайғамбар Адамнан (оған Аллаһтың сәлемі болсын) соңғы Пайғамбар Мұхаммадқа (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дейін барлық пайғамбардың негізгі міндеті – адамзатты Таухидке, яғни, Аллаһ Тағаланың бірлігіне шақыру.
«Расында әр үмметке: «Аллаһ Тағалаға құлшылық қылыңдар, тағуттан аулақ болыңдар.» - дейтін Елші жібердік», Нахыл сүресі, 36 аят.
«Мұхаммад! Сенен бұрын бірер Пайғамбар жіберсек, оған: «Менен басқа ешбір құдай жоқ. Маған ғана құлшылық етіңдер!» - деп уахи жібердік», Әнбия сүресі, 25 аят.
«Нухты еліне Пайғамбар етіп жібердік. Содан Ол: «Ей, халқым. Аллаһ Тағалаға құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан басқа құдайларың жоқ» - деді.», Ағраф сүресі, 59 аят.
«Ад қауымына туыстары Худты Пайғамбар етіп жібердік. Ол: «Ей, халқым, тек бір Аллаһ Тағалаға құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан басқа құдайларың жоқ. Оның азабынан қорықпайсыңдар ма?» - деді.», Ағраф сүресі, 65 аят.
«Самуд қауымына туыстары Салихты Пайғамбар етіп жібердік. Ол: «Ей, халқым, тек бір Аллаһ Тағалаға құлшылық қылыңдар, сендердің Одан басқа құдайларың жоқ» - деді», Ағраф сүресі, 73 аят.
Жоғарғы аяттарға қарағанда өткен Пайғамбарлардың бәрі де Аллаһ Тағаланы бір деп біліп, тек Оған ғана құлдық етуге үндеген. Демек, Пайғамбарлардың бәрі де дін асыл – Ислам дінінің жолына шақырған. Тек тарихтың талқысымен иляхи діндердің мазмұны өзгеріп кеткен. Болмаса китабилердің (өздеріне кітап түсірілген халықтар) діндері де тек Жаратушыны мойындайтын дін болған. Ислам дінінің Таухидке, яғни Аллаһ Тағала жалғыз деген сенімге негізделгендігі осы ақиқаттың заңды жалғасы. Сол себептен әрбір мұсылман бар ықыласымен:
أشهد أن لا إله إلا الله وأشهد أن محمدا عبده ورسوله
«Мен: «Аллаһ Тағаладан басқа құдай жоқ және Мұхаммад Оның құлы, әрі Елшісі екеніне куәлік беремін» - деуі, Ислам дінінің ең әуелгі шарты болып есептеледі.
«Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) «Ислам бес нәрсеге негізделген. Біріншісі: Аллаһ Тағаладан басқа құдай жоқ және Мухаммад Оның Елшісі деп куәлік беру;
Екіншісі: Намаз оқу;
Үшіншісі: Зекет беру;
Төртіншісі: Ораза тұту;
Бесіншісі: Қажылыққа бару» -деген.» Хадисті Ибн Омардан (Аллаһ оған разы болсын) Имам Бұхари және Имам Муслим риуаят етті.
Онан әрі Пайғамбарымыз Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Пайғамбарлар көп анадан туған ағайын–бауыр. Олардың аналары басқа болғанымен, діндері бір» - дегені осы мағынаны дамыта түседі. Хадисті Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Бұхари және Имам Муслим риуаят етті.
«Өзін білмеген ақымақтан басқа кім Ибраһимнің көрсеткен құлшылық жолынан бас тартады? Расында Біз Оны Пайғамбарлыққа таңдадық, әрі күдіксіз Ол Ақыретте де жоғары дәрежеге ие болушылардан болады. Раббысы Оған: «Раббыңа бағын» - деген уақытта, Ол: «Бүкіл әлемнің Раббысына бағындым.» - деді. Ибраһим де, Жақып Пайғамбар да осыны ұлдарына өсиет етті: «Ей, ұлдарым, расында Аллаһ Тағала сендерге бір хақ дінді қалады, сондықтан тек мұсылман болып өліңдер.» - деді. Немесе сендер Жақып өлім алдында жатып балаларына: «Кімге құлшылық етесіңдер?» - дегенде жанында болдыңдар ма? Сонда олар: «Сенің және сенің аталарың Ибраһим, Исмаил және Исхақтың жалғыз құдайына құлшылық қыламыз! Сондай-ақ біз Оған бағынамыз.» - деген еді.», Бақара сүресі, 130-133 аяттар.
«Хауарилерге (Иса пайғамбардың ерушілерге): «Маған әрі Менің Елшіме иман келтіріңдер» - деп уахи еткенімді есіңе ал. Олар: «Біз Аллаһ Тағалаға иман келтірдік және біздің Аллаһ Тағалаға бағынғанымызға куә бол.» - деген еді.», Маида сүресі, 111 аят.
«Біз Тауратты түсірген едік. Онда тура жол және Нұр болған. Онымен Хақ Иеге бағынған Пайғамбарлар яһудилерге үкім етер еді», Маида сүресі, 44 аят.
«Тауратта Израил халқына: «Жанға жан, көзге көз, мұрынға мұрын, құлаққа құлақ, тіске тіс және жарақаттарға кек алу үкімін жазған едік», Маида сүресі, 45 аят.
Ислам дегеніміз – Аллаһ Тағаланың жалғыздығына иман келтіре отырып, құлшылығын таза жасау. Намаз оқу, ораза тұту, дұға ету сияқты құлшылықтарында Аллаһ Тағалаға серік қосушылар – мушрик болады. Аллаһ Тағаланың барлығын мойындай тұрып құлшылықтан бас тартқан адам тәкаппарлыққа душар болады. Сондай-ақ, жеті атасы бірдей ғұлама молда болса да, тәкаппарлық себебінен Аллаһ Тағалаға құлшылық етуден өзін жоғары тұтқан адамды мұсылман деу қиын.
Таухид асма уа сыфат
Таухидтің үшінші негізі – Таухид асма уа сыфат, яғни, Құран Кәрім мен Пайғамбарымыз Мұхаммадтың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде көрсетілген Аллаһ Тағаланың тек Өзіне ғана тән көркем есімдері мен сипаттарын мойындау.
Аллаһ Тағаланың есімдері мен сипаттарында болған таухид үш негізден тұрады. Кім де кім бұл үш негізді толық қабылдамаса Аллаһ Тағаланың есімдері мен сипаттарын да жалғыз деп мойындамаған болады.
Біріншісі: Аллаһ Тағаланы мақұлыққа ұқсатпау.
Екіншісі: Аллаһ Тағаланың есімдері мен сипаттары Құран Кәрім мен сүннетте қалай баян етілген болса, солай қабылдау.
Үшіншісі: Аллаһ Тағаланың есімдері мен сипаттары Құран Кәрім мен сүннетте айтылғаннан тыс ізденіске түспеуі.
Аллаһ Тағала айтады:
«Ол Аллаһ. Одан басқа құдай жоқ. Ең көркем есімдер Оған тән», Таһа сүресі, 8 аят.
«Оған ешкім тең емес», Ықылас сүресі, 4 аят.
«Аллаһ Тағалаға мысал келтірмеңдер. Негізінде теңдесі жоқ екенін Аллаһ Тағала біледі, сендер білмейсіңдер.», Нахыл сүресі, 74 аят.
Мұсылмандар Құран Кәрім мен Пайғамбарымыз Мұхаммадтың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде Аллаһ Тағалаға тән есімдер мен сипаттар қалай келтірілген болса, оларға солай иман келтіреді. Аллаһ Тағаланың есімдері мен сипаттарына қатысты: «Неге? Қалайша? Солай болуы мүмкін бе?» - деген сұрақтар беру, Аллаһ Тағаланың сипаттарында мақұлықтарға ұқсату орынсыз болып табылады. Себебі, ешбір адам баласы Аллаһ Тағаланы өз көзімен көрмеген, оған қоса бұл салада біздің біліміміз де шектеулі. Сондықтан Құран Кәрім мен сүннетке сүйенуден басқа лажымымыз жоқ. Пайғамбарымыз Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) айтады: «Аллаһ Тағаланың тоқсан тоғыз есімі бар. Кім оларды жаттап есінде сақтаса, ол жәннатқа кіреді.», Хадисті Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Бұхари мен Имам Муслим риуаят етті.
«Аллаһ Тағаланы мақұлыққа ұқсатқан адам – күпірлік еткені», хадисті Имам Бухари риуаят етті.
Яһудилер Ғузайрді (оған Аллаһтың сәлемі болсын), христиандар Марьям ұлы Исаны (оған Аллаһтың сәлемі болсын), мушриктер пұттар мен өлген адамдарды Аллаһ Тағалаға теңестіріп, қажеттерін солардан тіледі. Сондықтан олардың барлығы кәпірлер қатарына қосылып, Аллаһ Тағаланың қаһары мен азабына ұшырады. Бұндай жағдайға душар болмау үшін әрбір мұсылман білуге тиісті болған нәрсе:
1. Аллаһ Тағала жалғыз. «Мұхаммад! Оларға: «Аллаһ Тағала біреу-ақ.» - де», Ықылас сүресі, 1 аят.
2. Аллаһ Тағала Мұңсыз: «Аллаһ Тағала Мұңсыз (яғни, әр нәрсе Оған мұқтаж, Ол Өзі еш нәрсеге мұқтаж емес)», Ықылас сүресі, 2 аят.
3. Ол тумаған және туылмаған: «Ол тумаған және туылмаған», Ықылас сүресі, 3 аят.
4. Аллаһ Тағала мәңгі тіршілік Иесі: «Өлмейтін, Мәңгі тірі Болушы Аллаһ Тағалаға тәуекел ет.», Фурқан сүресі, 58 аят.
5. Аллаһ Тағала әр нәрсені Білуші: «Аллаһ Тағала әр нәрсені Білуші», Бақара сүресі, 282 аят.
6. Аллаһ Тағала әр нәрсені Естуші: «Аллаһ Тағала әр нәрсені Естуші, Білуші», Әли Ғимран сүресі, 34 аят.
7. Аллаһ Тағала әр нәрсені Көруші: «Раббың құлдарының қылмыстарын білу, көруде жетіп асады», Исра сүресі, 17 аят.
8. Аллаһ Тағала ежелден бар, Оның бар болуының әуелі жоқ: «Ол Аллаһ Тағала әуелгі әрі соңғы (әр нәрседен бұрын, ежелден бар, әрі мәңгі, Оның соңы жоқ)», Хадид сүресі, 3 аят.
9. Аллаһ Тағала еш нәрсеге ұқсамайды: «Аллаһ Тағала Көк пен жерді жоқтан бар Етуші. Оның баласы қалайша болады? Оның жұбайы жоқ. Ол барлық нәрсені жаратқан әрі Ол әр нәрсені Білуші», Әнғам сүресі, 101 аят.
10. Аллаһ Тағала Жаратушы: «Мухаммад! Оларға: «Әр нәрсені Жаратушы Аллаһ Тағала. Ол Жалғыз, аса Үстем» - де», Рағд сүресі, 16 аят.
11. Аллаһ Тағала қалағанын істейді: «Расында Раббың қалағанын Істеуші.», Худ сүресі, 107 аят.
12. Аллаһ Тағала сөйлейді: «Раббыңның сөзі шындық әрі туралықпен тәмамдалған», Әнғам сүресі, 115 аят.
13. Аллаһ Тағаладан басқа сыйынып табынатын құдай жоқ: «Аллаһ Тағаламен бірге басқа құдай шақырма (яғни, Аллаһ Тағаладан басқа нәрседен қажетіңді сұрама). Одан басқаға сыйынба. Одан басқа құдай жоқ», Қасас сүресі, 88 аят.
14. Аллаһ Тағаланың құдіреті әр нәрсеге жетеді: «Олар көрмей ме? Күмәнсіз Ол Көк пен жерді жаратқан Аллаһ Тағала...Әрине Оның құдіреті әр нәрсеге жетеді», Ахқаф сүресі, 33 аят.
15. Аллаһ Тағала мәңгі бар Болушы: «Аллаһ Тағаланың жүзінен басқасы жоқ болады(мәңгі емес)», Қасас сүресі, 88 аят.