Description
Пайғамбарларға иман келтіруге байланысты қысқаша баяндама
Пайғамбарларға иман келтіру
الإيمان بالرسل
Қазақ тілі – kazakh – كازاخي
Islamhouse.com
Пайғамбарларға иман келтіру
Мұсылман Аллаһ Тағалаға, Оның періштелері мен Кітаптарына иман келтіргеннен кейін Пайғамбарларына (оларға Аллаһты сәлемі болсын) иман келтіруге тиіс.
Ислам дінінің тарихын, негізі мен міндеттерін білгісі келген адам Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) кім екенін анықтап алуы қажет. Өйткені, Пайғамбарларға иман келтіру ислам ақидасының негіздерінің бірі.
Пайғамбарлардың міндеті, өз үмметіне Аллаһ Тағаланың бұйрықтарын, нені істеуге болады, нені істеуден сақтану керектігін жеткізу. Пайғамбарлар Аллаһ Тағаланың қолдауымен (өлген адамның, яғни әруақтың емес), қарапайым адамның қолынан келмейтін нәрселерді, яғни, мұғжизаларды келтіруімен ерекшеленеді. Мұғжиза олардың ақиқи Пайғамбар екендігіне айқын дәлел болады.
Құран Кәрім мұсылмандарды барлық Пайғамбарларға иман келтіруге үндейді. Барлық Пайғамбарларға иман келтірмейінше ешбір адам ақиқи мұсылман бола алмайды. Бұл діндердің арасында тек Исламға тән болған нәрсе. Ислам Пайғамбарларға иман келтіргеннен кейін олардың құрметтелуін талап етеді.
Аллаһ Тағала барша Пайғамбарларды адам баласын әуезқойлық пен нәпсіқұмарлық құлшылығынан азат етіп, жақсылық пен ізгілікке шақыру үшін жіберген. Әрине, бұл үшін Пайғамбарлардың өздері көркем бейнеде өнегелі болуға тиіс. Себебі, мінез-құлқы жағымсыз, сөзі жалған Пайғамбарға кім ілеседі. Бұған қатысты Аллаһ Тағала айтады:
«Пайғамбарларды тура жол көрсететін басшы қылып, оларға жақсылық істеуді, намаз орындауды, зекет беруді бұйырдық. Олар Бәзге құлшылық қылушы еді», Әнбия сүресі, 73 аят.
Пайғамбарлар ешқашан және ешкімге қиянат қылмаған. Әрбір Пайғамбарлардың өзіне тән ерекшеліктері болатын. Аллаһ Тағала қалауымен әрбір халықтан шыққан Пайғамбар үмметін ізгілік пен бақыт жолына бастаған.
Құран Кәрімде жиырма бес Пайғамбардың есімі аталған. Олар: Адам, Идрис, Нух, Худ, Салих, Ибраһим, Лут, Исмаил, Исхақ, Яғқуб, Юсуф, Әюб, Шуғайб, Мұса, Харун, Дәуід, Сулейман, Илияс, Закария, Яхия, Әльясуғ, Юнус, Зуль-Кифль, Иса, Мұхаммад (оларға Аллаһтың сәлемі болсын).
«Мүміндер: «Біз Аллаһ Тағалаға, бізге түсірілген Құранға, әрі Ибраһим, Исмаил, Исхақ, Яғқуб және олардың ұрпақтарына, тағы Мұса және Исаға түсірілген Таурат пен Инжильге, сондай-ақ Раббыларынан өзге Пайғамбарларға берілген нәрселерге иман келтіріп, олардың араларын (яһуди, христиандар) сияқты айырмаймыз. Әрі біз Аллаһ Тағалаға бойұсынушымыз» - деңдер», Бақара сүресі, 136 аят.
«Ибраһимнің еліне байланысты берген дәлеліміз осы. Қалағанымыздың дәрежесін көтереміз. Күдіксіз Раббың хикмет Иесі, жаратқанын Білуші. Әрі Ибраһимге Исхақ пен Яғқубты беріп, барлығын тура жолға салдық. Ибраһимнен бұрын Нұхты да тура жолға салып, оның ұрпақтарынан Дәуіт, Сүлеймен, Әюб, Юсуф, Мұса және Харунға да тура жол көрсеттік. Игілік істеушілерге осындай сыйлық береміз. Закария, Яхия, Иса және Илияс бұлардың барлығы ізгі амал қылушылардан. Исмаил, Әльясуғ, Юнус және Лутты барлығын Пайғамбарлықпен әлемге ардақты қылдық», Әнғам сүресі, 83-86 аяттар.
«Ад қауымына туыстары Худты Пайғамбар етіп жібердік», Ағраф сүресі, 65 аят.
«Самуд қауымына туыстары Салихты Пайғамбар етіп жібердік», Худ сүресі, 61 аят, Ағраф сүресі, 73 аят.
«Мадьянға туыстары Шуғайбты Пайғамбар етіп жібердік», Худ сүресі, 84 аят, Ағраф сүресі, 85 аят.
«Негізінен Аллаһ Тағала Адам мен Нұхты және Ибраһим мен Имранның жұрағатын әлемдерге ардақты қылдық», Әли Ғимран сүресі, 33 аят.
«Мұхаммед! Исмаил, Идрис және Зуль-Кифлді есіңе ал. Олардың барлығы сабырлы еді», Әнбия сүресі, 85 аят.
«Мұхаммад Аллаһтың Елшісі. Онымен бірге болған мүміндер, кәпірлерге қатаңырақ, өзара мейірімді. Оларды рукуғ, сәждеде тұрғанын көресің. Олар Аллаһ Тағаладан мархамат әрі ризалық тілейді. Олардың жүздерінде Ақырет күні нұр болатын сәжде ізінің белгісі бар», Фатх сүресі, 29 аят.
Жоғарыда аяттарда есімдері аталған жиырма бес Пайғамбардан басқа да Пайғамбарлар болған. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде олардың есімдерін нақты атап көрсетпегенімен, оларға қатысты былай деген:
«Әр үмметке: «Жалғыз Аллаһ Тағалаға құлшылық қылыңдар, тағуттан аулақ болып оларға құлшылық етпеңдер!» - дейтін Елші жібердік», Нахыл сүресі, 36 аят.
«Мұхаммад! Расында Сенен бұрын да Елшілер жібердік. Олардың кейбірін Саған баян еттік те, кейбіреуін баян етпедік», Ғафыр сүресі, 78 аят.
«Мұхаммад! Біз Сені шындық және тура жолмен қуандырушы, оны қабылдамағандарды Аллаһ Тағаланың азабымен ескертуші етіп жібердік. Негізінде бір Ескертуші Елші болмаған үммет жоқ», Фатыр сүресі, 24 аят.
Құран Кәрімде есімдері аталған Пайғамбарлардың бесеуі, сабырлық пен тақуалықты табандылықтары себебінен, ерекше аталып өткен. Олар – Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын), Нұх (оған Аллаһтың сәлемі болсын), Иса (оған Аллаһтың сәлемі болсын), Ибраһим (оған Аллаһтың сәлемі болсын), Мұса (оған Аллаһтың сәлемі болсын). Бұларға қатысты Аллаһ Тағала айтады:
«Мұхаммад! Сол, яғни, Адамның белінен шыққан уақытта, Пайғамбарлардан және Сенен, Нұх, Ибраһим, Мұса әрі Марьям ұлы Исадан жалғыз Аллаһ Тағалаға құлшылық қылып, басқаларды соған шақырасыңдар деп уәде алған едік», Әғзаб сүресі, 7 аят.
Мұхаммадтан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әуелгі Пайғамбарлар тек өз қауымына пайғамбар болса, біздің Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жер бетінде қанша халық болса, солардың барлығына Елші болып жіберілді.
«Мухаммад! Сені барша адам баласына (яғни, мүміндерді жәннатпен) қуандырушы әрі (кәпірлерді тозақ отымен) ескертуші етіп жібердік. Бірақ адамдардың көбі бұны түсінбейді», Саба сүресі, 28 аят.
Рас, адамдардың көбі бұны түсінбейді. Басқаларды айтпағанда, кейбір мұсылмандардың өздері бұл ақиқатты түсінбей: «Мұхаммед (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандардың, ал Иса (оған Аллаһтың сәлемі болсын) кәпірлердің Пайғамбары.» - дейді.
Негізінде Пайғамбарлар мұсылмандардікі немесе кәпірлердікі болып бөлінбейді. Себебі, кез келген адам өздігінен Пайғамбар бола алмайды. Әрбір Пайғамбар тек Аллаһ Тағаланың ұйғаруымен болады. Дүниеден қанша Пайғамбар өткен болса, оның барлығы адамдарды Аллаһ Тағаланың жалғыздығына үндеп, оның әмірлеріне мойынсұнуға шақырды. Шақырып қана қоймай, өздері Аллаһ Тағалаға мойынсұнған. Мұсылман сөзінің өзі «Аллаһ Тағаланың әміріне бойұсынушы» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан да Исаны (оған Аллаһтың сәлемі болсын) кәпірлердің немесе христиандардың Пайғамбары деу қате. Дұрысы, Иса (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Израил халқына, оларды Аллаһ Тағалаға мойынсұнуға шақыру үшін жіберілген Аллаһ Тағаланың Пайғамбары, ал Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) тек араб, қазақ, өзбек емес, бүкіл адамзатқа жіберілген Аллаһ Тағаланың Пайғамбары деп айту. Анау кәпірлердің Пайғамбары деумен, кел келген адам мұсылман Пайғамбарды кәпірлер қатарына қосып, нәтижесінде Құран Кәрімнің аяттарына қарсы келіп, Аллаһ Тағаланың алдында күнәһар болып, қалуы қауіпі бар. Аллаһ Тағала Пайғамбары Мұхаммадқа (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) осы ақиқатты бүкіл адамзатқа жеткізуді бұйырып айтады:
«Мұхаммад! «Ей, адам баласы. Мен барлығына жіберілген Аллаһтың Елшісімін! Ол жер мен көктің Иесі болған Аллаһ Тағала. Одан басқа құдай жоқ. Ол тірілтеді де өлтіреді. Аллаһ Тағалаға, Оның сөзі Құран Кәрімге иман келтіретін, жазу мен оқуды білмейтін Пайғамбарға иман келтіріңдер! Оған еріңдер, сонда тура жол табасыңдар» - де», Ағраф сүресі, 158 аят.
Адамдардың ішінде: «Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Аллаһ Тағаланың ақиқат Елшісі екендігіне қандай дәлел бар? Оған кім куә?» - деп сұрайтындар бар.
Мұхаммадтың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ақиқат Пайғамбар екендігіне куә Аллаһ Тағаланың Өзі, дәлел Құран Кәрім.
«Мұхаммад! «Куәлік тұрғысына қай нәрсе үлкен?» - де. «Мені мен сендердің араларыңда Аллаһ Тағала куә. Сендерді және сөзім жеткендерді Аллаһ Тағалаға кәпір болудан ескерту үшін осы Құран уахи етілді. Сендер Аллаһпен бірге басқа құдай барлығына куәлік бере аласыңдар ма?» - де. «Мен куәлік бере алмаймын. Ол – жалғыз құдай. Мен сендердің Оған қосқан серіктеріңнен аулақпын (яғни, мен Аллаһ Тағалаға серік қоспаймын)» - де.», Әнғам сүресі, 19 аят.
«Ей, адам баласы! Саған бір жақсылық келсе, ол Аллаһ Тағаладан. Ал бір жамандық жетсе, өзіңнен. Мұхаммад! Сені адамдарға Елші етіп жібердік. (Бұл нәрседе) куәлікте Аллаһ Тағала жетіп асады», Ниса сүресі, 79 аят.
Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Аллаһ Тағаланың ақиқат Елшісі екендігіне тек адамдар емес, жындар да иман келтірген.
«Мұхаммад! Сол уақытта (яғни, Мұхаммад Таиф пен Меккенің арасындағы «Нахыл» ойпатында сахабаларымен намаз оқып тұрғанда) жындардан Құран тыңдайтын бір топ жіберген едік. Олар жетіп келген сәтте бірі-біріне: «Үндемендер!» - десді. Сонда оқылуы біткен кезде, елдеріне (басқа жындарға) ескертуші болып қайтты. Олар: «Ей, еліміз. Шын мәнінде біз Мұсадан кейін түсірілген, Тауратты растаушы, сондай-ақ шындыққа (Исламға) және тура жолға салатын бір Кітап тыңдадық.» - деді. «Ей, халқымыз. Аллаһ Тағаланың Елшісінің дегеніне құлақ салып, Аллаһ Тағалаға иман келтіріңдер. Сонда Аллаһ Тағала күнәларыңды кешіріп, күйзетуші азаптан қорғайды.» - деді», Ахқаф сүресі, 29-31 аяттар.
Мұхаммед (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Пайғамбарлардың соңғысы.
«Мұхаммад! Сендерден ешбір еркектің әкесі емес. Бірақ Аллаһтың елшісі және Пайғамбарлардың соңғысы», Ахзаб сүресі, 40 аят.
Міне бұл аят Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Аллаһ Тағаланың соңғы Пайғамбары екеніне дәлел.
Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде айтады:
«Мені мен Менен бұрын болған Пайғамбарлардың мысалы, бір кісінің әшекейлеп, бірақ бұрышында бір кірпішін қоймай тұрғызған әдемі үйі тәрізді. Адамдар үйді айналып, оның әдемілігіне таңданып: «Мына кірпіш қойылмаған ба?» - дейді. Мен сол кірпішпін және Пайғамбарлардың соңғысымын.», хадисті Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Бұхари және Имам Муслим риуаят етті.
Бұл хадисте мысал ретінде әңгімеленген үй барлық Пайғамбар дінінің таухиді. Қойылмаған кірпіш – Пайғамбарлық тізімін толықтыратын Мұхаммадтың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Елшілігі.
Ибн Касир тәфсірінде Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) соңғы Пайғамбар болуына қатысты: «Аллаһ Тағала Кітабінда және Оның Елшісі хадисінде одан кейін Пайғамбар болмайтынын айтқан. Адамдар білсін: Мұхаммадтан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) кейін Пайғамбарлықты иеленгісі келген – жалғаншы, Даджальдің жалақоры. Өзі адасып кейін басқаларды адастырушы!» - деген.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Үмметімнен 30 жалғаншы шығады. Олардың барлығы өзін пайғамбар деп есептейді. Ал Пайғамбарлардың соңғысы менмін. Менен кейін пайғамбар болмайды!» - деген. Хадисті Имам Муслим риуаят етті.
Аллаһ Тағала бізді жалған пайғамбар болудан сақтасын!
Басқа ұлттағылардың қойғанда, кейінгі уақытта қазақтардың ішінде үңгірде, жер астында өмір сүріп, жартастың арасында, бір бұлақтың немесе қабірдің басында Жәбраилмен (оған Аллаһтың сәлемі болсын) сөйлесіп: «Мен пайғамбар болайын деп жатырмын.» - дейтін түрлі-түсті «ақ» «қара» «сары» «әулиелер» шығып жатыр. Бір ғажабы, бұндайлардың сөздеріне құлақ асатындар да бар.
Мүмкін Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде айтылған 30 жалғаншының ішіне солар да кіретін шығар, оны бір Аллаһ Тағала біледі. Бір нәрсе ақиқат, сол ақ, қара, сары әулиелер отыз жалғаншының ішіне кірсін, кірмесін, бірақ «мен пайғамбар болайын деп жатырмын» деген сөзінің өзі олардың жалғаншы екеніне дәлел.
Құран Кәрімнен бұрын түсірілген Кітаптардың барлығында Пайғамбарлардың соңғысы Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келетіні туралы айтылған болатын.
«Расында яһуди ғұламалрының ішінде Аллаһ Тағаланың Мұсаға түсірілген Тауратты тыңдайтын бір тобы бар еді. Олар оған түсініп болғаннан кейін жалғаншы болып қалатындығын біле тұра қолдарындағы Тауратты (ондағы Мұхаммадтың сипаттарын) өзгертті. Ол екіжүзді яһудилер мүміндерге кездессе: «Біз де (Мұхаммадқа) және Тауратта Ол туралы айтылғанына иман келтірдік!» - дейді. Ал егер олар бір-бірімен жекелене қалса басшылары оларға: «Аллаһ Тағаланың сендерге ашқан сырын (Таураттағы Мұхаммадтың сипаттарын) мұсылмандарға олар сендердің біле тұра (Мұхаммадқа) ермегендеріңді Раббыларының қасында Ақырет күні дәлелдеулері үшін оларға айтасыңдар ма? Осыны түсінбейсіңдер ме?» - дейді. Аллаһ Тағала олардың ашық және жасырын істегендерін білетінін олар білмей ме?», Бақара сүресі, 75-77 аяттар.
«Кітапты қолдарымен жазып, Таураттағы (Мұхаммадтың сипаттарын) өзгертіп немесе жойып, сонан соң аз ақшаға сату үшін: «Бұл Аллаһ Тағаладан келген!» - дегендерге нендей өкініш (қатты азап)!», Бақара сүресі, 79 аят.
Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) заманында яһуди мен христиандардың арасында Құран Кәрім Аллаһ Тағаланың сөзі және Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Аллаһтың Елшісі екеніне иман келтіріп мұсылман болғандар көп болған. Сонымен қатар: «Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) арабтарға жіберілген елші» - деп айтқандары да болған.
«Аллаһ Тағаланың қасында ақиқат дін Ислам. Таурат, Забур, Инжиль берілген қауымдар, өздеріне Аллаһ Тағаланың жалғыздығы жайлы хабар келгеннен кейін араларындағы күңшілдіктен ғана талас-тартысқа түсті. Кім Аллаһ Тағаланың аяттарына қарсы келсе, күдіксіз Аллаһ Тағала тез есеп (жазасын) Беруші. Мұхаммад! Олар Сенімен дін мәселесінде сөз таластыруға кіріссе: «Өзімді және маған ергендерді Аллаһ Тағалаға тапсырдым» - де. Кітап берілген яһуди, христиандармен мушриктерге: Исламды қабыл еттіңдер ме?» - де. Егер олар Исламды қабыл етсе, тура жол табар еді», Әли Имран сүресі 19-20 аяттар.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Мухаммадтың жаны қолында болған Аллаһтың атымен ант етемін! Яһуди және христиан үмметінен біреу жан тапсырып, Мен жіберілген нәрсеге (Исламға, Құран Кәрімге) иман келтірмеген болса, ол тозақ қауымынан болады» - деген. Хадисті Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Муслим риуаят етті.
Тақырып қорытындысы:
1. Пайғамбарлар Аллаһ Тағаланың адамдар арасында тағайындаған Елшілер;
2. Ешбір пенде Аллаһ Тағаланың қалауынсыз Пайғамбар бола алмайды;
3. Пайғамбарлардың барлығы мұсылман;
4. Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) соңғы Пайғамбар;
5. Барлық Кітапта Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) туралы баян етілген;
6. Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл адамзатқа жіберілген Аллаһтың Елшісі.