×

Имандылыққа нұқсан келтіретін амалдар (қазақ тілі)

Description

Иманға нұқсан келтіретін амалдар: күпірлік, ширк, және екіжүзділік. Олардың түрлері туралы қысқаша баян

Download Book

    Имандылыққа нұқсан келтіретін амалдар

    نواقض الإيمان

    қазақ тілі – Kazakh – كازاخي

    Қазақ тілі командасы орналасуы Dar әл-Ислам

    فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام

    —™

    Имандылыққа нұқсан келтіретін амалдар

    Мұсылман адам істеген амалы мен айтқан сөзіне, ниеті мен ықыласына көңіл бөлуі қажет. Себебі бұл мәселелердегі мұқиятсыздық нәтижесі күпір және ширкке алып баруы ықтималы. Ал, бұл өз кезегінде әр бір адамның иманын жоққа шығарады. Имандылыққа нұқсан келтіретін амалдар:

    1. Таухиду рубубия мәселесінде.

    Дүние өздігінен жаратылды деген сенімде болу, ден-саулық, ризықты мақұлықтан, мысалы адамнан тілеу, дүниеге келу мен о дүниелі болуды Аллаһ Тағаланың қалауы емес, тек табиғи құбылыс деп түсініп, бұл мәселелерде Аллаһ Тағаланың иелігін мойындамау иманды жоққа шығарады.

    2. Таухиду улухия мәселесінде.

    Ғибадаттың қандай түрін болмасын Аллаһ Тағалаға емес, мақұлыққа арнап істеу, құлшылықты, мысалы намазды Алладан басқаға арнап оқу, өлген адамнан қажетін сұрау, тірі немесе дүниеден өткен бір пендені әулие тұтып, «ей, пәленше әулие, қолда, жәрдем бер» деп одан медет тілеу.

    3. Таухиду асма уа сифат мәселесінде.

    Аллаһ Тағаланы есімдері мен сипаттарында мақұлыққа ұқсату, мысалы Жаратушының әйелі, баласы, қызы бар деу (яһудилер мен христиандар сияқты). Және де Аллаһ Тағала мақұлық сияқты шаршайды, ұйықтайды деген сенім иманға нұқсан келтіреді.

    4. Періштелерге иман келтіру мәселесінде.

    Қасиетті Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде айтылған періштелерге қатысты сөзді жалғанға шығару, растығында күмәндану.

    5. Пайғамбарларға иман келтіру мәселесінде.

    Пайғамбарлардың (оларға Аллаһтың сәлемі болсын) бірін болса да мұсылман емес деу, олардың мұғжизаларына иман келтірмеу. Пайғамбарлар (оларға Аллаһтың сәлемі болсын) да зина жасаған (қара Библия, Лут пайғамбар және оның екі қызы жайындағы қисса), арақ-шарап ішкен т.с.с. саналық пен өнегелікке қайшы келетін істермен айналысқан деген ойда болу. Мухаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлардың соңғысы деп иман келтірмеу.

    6. Ақырет күніне иман келтіру мәселесінде.

    Ақырет күні болуында күмәндану. Ақырет пәленше жылы, пәленше күні болады деп болжау. Мысалы, христиан дінінің православие мен протестант ағымдарын тұтынушылардың арасында 1997 жылдың желтоқсан айында Ақырет күні басталады деген сөз болған. «Біздің библия алдамайды! – деген Иегова куәгерлері (Свидетели Иеговы) бұл мәселеде «ерекше білгірлік танытып» Ақырет күннің басталуын үш мәрте «айқындаған» болатын. Сол Ақырет күндерін көргендер барма екен? Қабір сұрағы және қабір азабы мен рахатына сенбеу. Жәннат пен тозақтың барлығын жоққа шығару. «Әй, қойшы соны. Сол жәннат пен тозақты көрген кім бар дейсің» немесе «Көретінімізді көреміз де. Тозаққа түссек түсеміз де» - деген сөз айтып, сұрақ-жауапқа селқостықпен қарау. Бұл нағыз имансыз адамның айтатын сөзі. Ақиқат иманы бар адам жәннатқа кіруді аңсайды, тозақ азабынан қорқып, күнәнің қандай түрін болмасын істеуден сақтанады.

    7. Тағдырға иман келтіру мәселесінде. Дүниедегі барлық нәрсе Аллаһ Тағаланың қалауымен болатындығына сенбеу. Тағдырға наразы болу. Қиыншылыққа сабырлық етпеу. Сонымен қатар басқа қиыншылық түскен жағдайда еңсені түсіріп, өмірден қамығу күпірлік болмағанымен иманның әлсіреуіне себеп болады.

    Күпірлік, Ширк (Аллаһ Тағалаға серік қосу) және екіжүзділік

    Күпірлік (الكفر) , Аллаһ Тағалаға серік қосу (الشرك), екіжүзділік (النفاق) сөздері имандылық және Аллаһ Тағаланың жалғыздығы сөздеріне мағына жағынан қарама-қарсы. Күнәлар ауыр (الكبير) және жеңіл (الصغير) болып екі түрге бөлінеді.

    Куфр, Ширк, Нифақтың ауыр түрі иман мен таухидті толығымен жоққа шығарса, жеңіл түрі иман мен таухидтің кәмілдігіне қатты нұқсан келтіреді. Куфр, ширк және нифақтың ауыр түрін саналы түрде қылған адам Ислам дінінен шыққан болып есептеледі.

    Күпірліктің екі түрі

    Жоғарыда айтқанымыздай, күпірліктің екі түрі болады. Оның бірі күпірліктің ауыр түрі болса екіншісі жеңіл түрі.

    Күпірліктің ауыр түріне:

    1. Аллаһтың барлығы мен жалғыздығын, Құран және хадисте айтылғанды жалғанға шығару.

    Мысалы, пайғамбарымыз Мухаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) арқылы Аллаһ тарапынан келген әмірдің барлығын немесе кейбірін саналы түрде ақиқат деп мойындамай, жалғандыққа шығару, «намаз оқымаса да болады» деген сөз діннен шығаруға дейін апаратын өте ауыр күнә. Өйткені шариғат болмайды десе, ол сол қылмысты дұрыс деп тұр. Бұл күпірліктің ауыр түріне жатады.

    «Аллаһ Тағалаға жала жапқан (яғни, біле тұра халалды харам деп және харамды халал деп) немесе шындық (Құран Кәрім мен пайғамбар) келгенде, оған қарсы келушіден залым кісі бар ма? Бұндай кәпірлердің орны тозақ емес пе?», Аль-Анкабут сүресі, 68 аят.

    2. Исламның ақиқаттылығына күдіктену. «Шын мәнінде Аллаһқа, Елшісіне иман келтірген мүминдер, сосын күдіктенбей, Аллаһ жолына малдары әрі жандарымен күресті. Міне солар, шыншылдар», Аль-Хужурат сүресі, 13-14 аяттар.

    3. Ақиқатқа қарсы болып тәкаппарлану.

    Бұған мысалды Құранда айтылған Перғауын елінің сене тұрып, тәкаппарлықпен қарсы шыққанынан көреміз: «Олар мұғжизаларға көңілдері сенген бола тұра зұлымдықпен және менмендікпен (тәкаппарлықпен) қарсы шықты. Бұзықтардың соңын қалай болғанын көр!», Ан-Намл сүресі, 14 аят.

    4. Діндегі екіжүзділік.

    Яғни, сырт көзге өзін мұсылман етіп көрсету. Бірақ іштей Исламның ақиқаттылығында күмәнда болу. «Саған мұнафиқтар келіп: «Біз: «Сен пайғамбарсың» - деп куәлік береміз – деді. Ал, негізінде Аллаһ сенің пайғамбар екеніңді біліп, мұнафиқтар жалғаншы екеніңе куәлік етеді. Олар жалған анттарымен жамылып басқаларды Аллаһ жолынан тыяды. Олардың істегендері қандай жаман. Олар алдымен иман келтіріп, кейін (Аллаһқа) қарсы келгендіктерінен жүректері бекітілген. Енді олар түсінбейді», Аль-Мұнафиқун сүресі, 1-3 аяттары.

    «Олар артта қалушылармен бірге болуды қалады. Олардың жүректері бітелген. Сондықтан түсінбейді», Ат-Тәуба сүресі, 85 аят.

    5. Аллаһ Тағалаға, Оның пайғамбары Мухаммадқа (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бойұсынудан бас тарту.

    «Раббыңның аяттары арқылы үгіт берілгеннен кейін, одан бет бұрғандардан кім залымырақ?», Ас-Сажда сүресі, 22 аят.

    Күпірліктің бұл түрі адамды діннен шығаруымен қауіпті. Яғни, бұл – күпірліктің ауыр түрін істеген адам кәпір болады деген сөз.

    Жеңіл күпірлікке дәрежесі ауыр күпірліктен біршама төмен күнәлардың түрлері жатады. Жеңіл күпірліктің ауыр күпірліктен ерекшелігі – жеңіл күпірлікті істеген адам діннен шықпағанымен, ауыр күнә істеген болады. Мысалы, мұсылман мұсылманды сөгу. Күнәнің бұл түріне қатысты Аллаһ Тағала Ахзаб сүресінің 58 аятында: «Мүмин ер және әйелерді жазықсыз кейіткендер, оларға жала жауып, өдеріне күнә жүктеп алды» - десе, Пайғамбарымыз Мұхаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманды балағаттау – пасықтық, ал соғысу – күпірлік» хадисті Абдуллаһ ибн Масғұттан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті.

    «Мен дүниеден өткеннен кейін бір-біріңді өлтіріп, күпірлікке түсіп жүрмеңдер» хадисті Абдуллаһ ибн Масғұттан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті.

    «Үмметімнен екі түрлі кісі күпірлік еткен болады. Бірі: біреудің ата-тегіне тіл тигізу. Екіншісі: мәйітке дауыстап жоқтау айтқан» - деген. Хадисті Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Муслим риуаят етті.

    Демек, жеңіл күпірлікке мұсылманды балағаттау, оған қарап: «Сен кәпірсің» - деу, мәйіттің жанында дауыс алып жоқтау айту сияқты күнәлар жатады екен.

    Бұған қосымша айтылатын нәрсе: саналы түрде шариғатта харам етілгенді өзіне халал етіп, уәжіп амалдарды орындаудан бас тартып: «Ей, қойшы сол шариғатты, ананы істе, мынаны істеме дей береді» - деп Ислам шариғатын келеке етуші адам күпірліктің ауыр түрін жасаған болып, діннен шығады.

    Ширк және оның түрлері

    Мақұлықты, яғни, адам, жануар, табиғат құбылысын және де басқа жаратылған нәрселерді сипат, көрінісінде Аллаһ Тағалаға теңдеу – ширк акбар (Аллаһ Тағалаға серік қосудың ауыр түрі) деп аталады. Аллаһ Өзіне серік қосушы мүшриктерге қатысты Құран Кәрімде былай деген:

    «Қиямет күні мал да, басқалар да пайда бермейд. Бірақ, кім Аллаһ Тағалаға ширк пен екіжүзділіктен таза болған жүрекпен келсе ғана сол пайда береді. Тақуаларға жәннат жақындатылады. Азғындарға тозақ көрсетіледі. Кәпір және мүшриктерге: «Аллаһ Тағалаға серік етіп табынған жалған құдайларың қайда? Аллаһ Тағалаға қосқан серіктерің Аллаһ Тағаланың азабынан сақтап сендерге жәрдем ете ме? Немесе өздеріне жәрдем ете ала ма?» - делінеді. Жалған құдайлар мен азғын кәпір және мүшриктер тозаққа етпетінен түсіріледі. Іблістің әскері де (шайтанға бой ұсынған болған жын мен адамдар) тұтас тозаққа түсіріледі. Олар тозақта өздерінің жасанды құдайларымен былай таласады. «Аллаһ Тағалаға серт. Адасқан-ақ екенбіз. Құлшылығымызда сендерді әлемнің Раббысына теңеуші едік. Бізді адасқандар өздерімен бірге адастырған екен. Енді біздің шапағатшымыз да жанкүйер досымыз да жоқ. Әттең, дүниеге кері қайтарылсақ, тек бір Аллаһ Тағаланы Құдайымыз деп иман келтіргендерден болар едік.» Осы айтылғанда адамдар үшін бір өнеге бар. Дегенмен олардың көбі иман келтірмейді.», Шұғара сүресі, 88-103 аяттар.

    Ширку акбар (ширктің ауыр түрі) іштей екі түрге бөлінеді.

    Таухид саласындағы ширктің түрлері:

    1. Құлшылықта Аллаһ Тағалаға басқа нәрсені теңеу. «Олар (яһуди, христиандар) ғалымдары мен машайыхтарын және Марьям ұлы Исаны Аллаһтан өзге құдай қылып алды. Ал, негізінде олар жалғыз Құдайға ғана құлшылық қылуға бұйырылған болатын.», Ат-Тәуба сүресі, 31 аят, сол себептен: «...олар адасып, тура жолда болмады», Әнғам сүресі, 140 аят.

    2. Қажетін Аллаһ Тағаладан басқадан тілеу.

    Мәселен, өлгендерден қажетін тілеу барлық халықтың арасында кеңінен тараған нәрсе. Осы күнге дейін көп қазақ өлгендердің рухынан (әруақтан) жәрдем сұрап, жарылқау тілейді. Сонда мәйіт адамдардың тілектерін орындаушы Құдай болғаны ма? Негізінде мәйіт те бір кезде тірі адам болды, өсті-өнді, қартайды, кейін ажалы жетіп жан тапсырды. Ал енді қабірдегі құрт жеген денесі шіріп, жерге сіңіп кеткен нәрседен жәрдем, жарылқау тілеу ақылға сияды ма? Өзі Аллаһтың жарылқауына, тірілердің дұғасына мұқтаж болған адамның жан-рухы кімге зиян немесе пайда келтіре алады. Кейбір адамдар: «Мәйіттің рухы (әруақ) денеден ажырайды. Кейін сол рух адамдардың арасында жүріп өз немере-шөберелерін қолдап-жебеп, бәле-жаладан сақтап жүреді.» - дейді. Ислам шариғаты: «Ей, әруақ, қолдай көр. Денсаулық беріп, жолымды аш!» - деп, өлген кісіден жарылқау тілеп, ісі алға баспаса: «Бәлкім құдайы жасап жіберсем, әруақтар разы болып, жолым ашылар» - деп, топырақтан жаратылып, өлгеннен кейін қайта топыраққа айналғанның наразылығынан қорқатындар аз емес.

    Негізінде, шариғаттың талабы мәйітке құлшылық ету емес, мәйітті құрметтеуді талап етеді. Дүниеден өткен ата-бабасын есіне алып, Аллаһтан солар үшін жарылқау тілеу, мәйіттерге деген құрметі осы. Алайда, осы күні адамдар құрметтеу мен құлшылық етудің арасын айыра алмай қалған тәрізді.

    3. Ширктің келесі түрі – ниет, ықыласта болатын ширк. Мұсылманның әрбір іс-әрекетінің негізін Аллаһтың ризалығын алу ниетімен ықылас құрайды. «Жалғыз Аллаһ Тағаланың ризалығы үшін» - деген ниет болмаған жағдайда, сауаптың болуы екі талай. Жаратушысының бұйырғанын есінен шығарып дүние ісін жоғары қойғандарға қатысты Аллаһ: «Дүние тіршілігімен оның зейнетін қалағанға дүниеде істегеннің есесін береміз. Олар бұл мәселеде кемсітілмейді. (Алайда) олар үшін Ақыретте тозақ отынан басқа еш нәрсе жоқ» - деген, Худ сүресі, 15 аят. Ислам: «Тек дәрет алып, намазыңды оқы. Дүние, яғни тіршілік мәселесіне келгенде қолыңды қусырып отыр» - демейді. Тіпті де олай емес. Ислам адам баласына екі дүниенің де игілігін көруге үндейді.

    Дүниенің игілігі – адал тапқан мол мал дүние, о дүниенің игілігі – адал еңбектің сауабы мен Аллаһтың сыйы болған мәңгі жәннат. Бұл – Исламның насихаттаған құндылықтарының бірі ғана.

    4. Сүйіспеншілік мәселесінде, яғни дүние мен ондағы нәрселерді Аллаһ Тағаладан артық көру. Мысалы, нәпсі - құмарлық, дүниеқорлық, көрсеқызарлық. «Адамдардың кейбіреулері Аллаһ Тағалаға пұттар мен жасанды құдайларды теңдес етеді де оларды Аллаһ Тағаланы сүйгендей сүйеді. Ал мүминдер барлық нәрседен Аллаһ Тағаланы артық сүйеді», Аль-Бақара сүресі, 165 аят.

    Ширктің келесі түрі – пұтқа табыну

    Пұт дегеніміз – құдай сипатында қабылдаған мүсін, ескерткіш, сурет, мақұлық, т.с.с. Пұтпарасаттардың ойынша, пұт – табиғаттан, табиғат құбылыстарынан жоғары тұратын құдай. Адамзат тарихында Аллаһ Тағаланың жалғыздығына сенбегендердің қиялшылдығы қаншалықты кең болса, жасанды құдайлардың да саны соншалықты көп болған.

    Мысалы, Исламнан бұрын араб жарты аралында пұтқа табыну кеңінен таралған болатын. Пайғамбарымыз Мухаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеге кірген уақытта Қағба мен оның айналасындағы 360 пұттың (қолдан жасалған мүсін) барлығын талқандап, жоюға бұйрық берген.

    Исламнан бұрын арабтар не себепті пұттарға табынған? «Аллаһ Тағаладан өзгені құдай тұтқандар: «Біз бұларға Аллаһ Тағалаға жақындатсын деп қана табынамыз» - дейді», Аз-Зумар сүресі, 3 аят.

    Дәл осы пікір қазіргі күні де айтылуда. Бірақ жахилиет (надандық заманы, яғни ислам келмес бұрын) заманындағы мүшриктер мүсін бейнесіндегі пұттарына сәжде еткен болса, қазіргі уақыттың мүшриктері баба, әулиелерге табынуда. Оларға: «Сен неге денсаулық пен жолың ашылуды өлген кісіден сұрайсың? Аллаһ Тағалаға неге серік қосасың?» - десең: «Мен Аллаһ Тағалаға серік қоспаймын. Мен мұсылманмын. Мен Аллаһ Тағаладан сұрап, бабаға тек: «Мені қолда» - деймін» - деген жауап береді.

    Мейлі, ол мұсылман екен, онда неге Аллаһ Тағалаға серік қосады? Әруақты дәнекер етіп, оның «резолюциясын» алмаса, Аллаһ Тағала оның тілегін қабыл етпей ме?

    «Аллаһ Тағаланың қалауынсыз ешбір ауыртпашылық болмайды. Кім Аллаһ Тағалаға иман келтірсе, Аллаһ оның жүрегін имандылықпен сабырлыққа бастайды. Аллаһ барлық нәрсені толық Білуші», Тағабун сүресі, 11 аят.

    «Адамдар үшін Аллаһ Тағаладан өзге құдай да қолдаушы да жоқ!», Анғам сүресі, 51 аят.

    Аяттардан көрініп тұрғандай, мұсылманның Аллаһқа жақындауы араны пұт, әруақ сияқты дәнекер арқылы емес, тікелей Аллаһ Тағаланың Өзіне сыйыну арқылы болады.

    «Сендердің мұқтаждарыңды беретін Жарылқаушы құдайларың біреу. Ол көк пен жердің әрі олардың араларындағылардың, шығыс пен батыстың Раббысы», Ас-Саффат сүресі, 4-5 аяттар.

    «Аллаһ Тағаламен бірге басқа құдайдан тілеме. Аллаһ Тағаладан басқа құдай жоқ. Оның Жүзінен басқаның барлығы мәңгі емес. Әр нәрсенің болуы немесе болмауына үкім ету Аллаһ Тағалаға тән.», Аль-Қасас сүресі, 88 аят.

    Ширк асғар – ширктің жеңіл түрі

    Ширктің кіші түріне: көзбояушылық, Аллаһ Тағаладан басқалардың аты мен ант ішу, шипа табу немесе көз тимеу үмітімен жіп, алқа, моншақ, тұмар т.с.с. тағу амалдары жатады.

    «Үмметім үшін ең қауіпті болған нәрсе – кіші ширк» - деді. Сонда сахабалар: «Я, Расулуллах! Кіші ширк дегеніміз не?» - деп сұрады. – Көзбояушылық – деп жауап берді» хадисті Имам Ахмад риуаят етті.

    «Расулуллах сахабаларына: «Үмметім үшін Масих Дажальдан да қауіпті болған нәрсені сендерге айтайын ба?» - деді- Иә. – ол құпия ширк. Бір адам намаз оқып тұрып, басқаға намазын көркем етіп көрсетуге тырысуы» хадисті Әбу Масғұттан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Ахмад риуаят етті.

    Аллаһ Тағаладан басқасының атымен ант ішу.

    Адам баласының: «Өтірік айтсаң мынау нан тұр, дастархан тұр!» «Мен өтірік айтып тұрғаным жоқ, түн жамылып отырмыз ғой!» «Анаммен ант етемін!» - деген сөзді айту Ислам шариғаты бойынша дұрыс емес. Себебі, Аллаһ Тағаладан басқаның атымен ант ету ширкке алып баратын сөз. Хадисте: «Сендерден кім ант ішсе, Аллахтың атымен ант етсін немесе үндемесін» хадисті Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті.

    «Кім Аллаһ Тағаладан басқанын атымен ант етсе, ол серік қосқан болады» бір риуаятта: «ол күпірлік етті!» - делінген, хадисті Абдуллаһ ибн Омардан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Әбу Дәуід және Имам Тирмизи риуаят етті.

    «Аллаһ Тағала қаласа» - деп айтудың орнына, «Аллаһ Тағала және пәленше қаласа» - деген сөз де қате. Дұрысы: «Алдымен Аллаһ Тағала кейін пәленше қаласа» - деу. Бұған дәлел Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадисі: ««Аллаһ Тағала және пәленше қалады» - демеңдер, бірақ: «Алдымен Аллаһ Тағала, кейін пәленше қалады» - деңдер!» хадисті Имам Ахмад риуаят етті.

    ««Аллаһ Тағала және Мухаммад қаласа» - демеңдер! Бәлкім: «Алдымен Аллаһ Тағала кейін Мухаммад қаласа» - деп айтыңдар» хадисті Имам Ахмад риуаят етті.

    Шипа табу немесе көз тимеу үмітімен жіп, алқа, моншақ, тұмар тағу.

    Осы күні айналаңызға қарасаңыз қолдарына жіп, мойындарына бойтұмар ретінде алқа немесе моншақ тағып жүрген адамдарды көресіз. Олардан: «Сіз мұны не үшін тағып алғансыз?» - деп сұрасаңыз, олар сізге: «Бұл мені тіл-көзден, түрлі пәле-жаладан сақтайды» - деген жауап естисіз.

    Аллаһ Құран Кәрімде былай деген: «Егер Аллаһ сені жоқтық немесе дертке шалдықтырса, оны Аллаһтан басқа айықтырушы жоқ!», Анғам сүресі, 17 аят.

    Демек, дертпен зияннан бізді сақтайтын жалғыз Аллаһ, себебі: «Аллаһтан басқа құдай жоқ. Ол тірі, жаратқанын меңгеріп Тұрушы. Ол қалғымайды да ұйықтамайды. Көктер мен жердегі нәрселер Оның жаратқаны, мүлкі және құлы. Оның құзырында Өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді?», Аль-Бақара сүресі, 225 аят.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім тұмар тақса, ол ширк келтірген болады!» - яғни – Аллаһқа серік қосқан болады деген. Хадисті Имам Ахмад риуаят етті.

    Нифақ – екіжүзділік

    Куфр және ширк сияқты, нифақтың да екі түрі болады.

    Бірінші түрі: нифақу акбар, яғни, екі жүзділіктің ауыр түрі. Нифақтың бұл түрін – ақидада (сенімде) болатын екіжүзділік деп айтса да болады. Ақидада екіжүзді болған адам сырт көзге Исламды қабылдаған болып, іштей дінге қарсы болады. Ақидадағы екіжүзділік алты түрлі жолмен болады:

    1. Мухаммадтың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлығына кәміл сенбеу.

    2. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) кейбір сөзін болса да жалғандыққа шығару.

    3. Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншіліктің болмауы.

    4. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін құрметтемеу.

    5. Діннің нашарлауын қош көру.

    6. Діннің күш алуын қаламау. Аллаһ айтады: «Адамдардың екіжүзділері: «Аллаһ Тағалаға, Ақырет күніне иман келтірдік» - дейді. Бірақ олар иман келтірмейді. Олар Аллаһ Тағаланы және иман келтіргендерді алдауға тырысады. Бірақ олар өздерін ғана алдағандарын сезбейді. Олардың жүректерінде күпірлік, күмән мен екіжүзділік дерті бар. Аллаһ Тағала олардың сол дертін арттыра түседі. Сондай-ақ оларға өтірікшіліктерінің салдарынан күйзелтуші азаб бар. Оларға: «жер жүзінде бұзықтық қылмандар»-делінсе, Олар: «Біз бұзықтықты түзеушіміз» - дейді. Ақиқатында олардың өздері бұзақы, алайда оны түсінбейді. Егер оларға: «Адамдар иман келтіргендей иман келтіріңдер»- делінсе, олар: «Ақымақтар сияқты иман келтірейік пе?» - дейді. Расында олардың өздері ақымақ емес пе? Бірақ олар оны білмейді» , Аль-Бақара сүресі, 8-13 аяттар.

    Нифақтың екінші түрі: нифақ асғар, яғни, амалда болатын екіжүзділіктің жеңіл түрі. «Мұнафиқтың белгісі үшеу: егер ол сөйлесе, жалған сөйлейді, уәде берсе, уәдесінде тұрмайды, аманатқа қиянат қылады.» хадисті Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті.

    معلومات المادة باللغة العربية