Description
Иса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы туралы жазылған мақала
Иса пайғамбар
(оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы
قصة نبي الله عيسى عليه السلام
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
فريق اللغة الكازاخية بدار الإسلام
Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі
Иса (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы
Исаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) дүниеге келуі
Мәриям Зәкәрияның тәрбиесінде бойжетіп, Бәйтул-Мақдистің шығыс жағынан оңаша бір орын алып, барған сайын Аллаһ Тағалаға деген ғибадатқа тереңдей берді. Осындай пәк құлшылық-ғибадатпен Мәриямның он бес жыл өмірі өтеді. Осы он бес жасында оның өмірінде бір ұлы оқиға болды.
Бұл оқиға пайғамбарлардың ұлы бестігінің ішіне кіретін Аллаһ Елшісі Исаның дүниеге келуі еді. Бұл ұлы қиссаны Аллаһ Тағала біздерге Қияметке дейін мәңгілік үлгі етіп қалдыру үшін Өзінің ұлы кітабінің «Мәриям» сүресінде баяндаған.
Бір күні Аллаһтың бұйрығымен Мәриямның алдына адам бейнесіндегі Жәбірейіл (оған Аллаһтың сәлемі болсын) келді. Оның періште екенінен Мәриям бейхабар тұғын. Үстінен бейсауат кіріп келген ер адамнан сескеніп қалған Мәриям:
- Егер, сен тақуа болсаң, сенен Рахманнан пана сұраймын, - деді.
Өйткені Мәриямның бөлмесіне ұстазы Зәкәриямен (оған Аллаһтың сәлемі болсын) оны-мұны қызметін атқаратын немесе ағасы Юсуф Нажжардан басқа ешкім бас сұқпайтын.
Сол кезде Жәбірейіл (оған Аллаһтың сәлемі болсын):
- Мен сенің Раббыңның елшісімін, саған бір пәк бала беру үшін келдім, - деді.
Оның бұл айтқанына Мәриям таңқалып:
- Мен еркекке жақындаспасам не әлдебір бұзықтық істемесем, менде бала қайдан болсын?! – деп жауап қатты. Сонда Жәбірейіл (оған Аллаһтың сәлемі болсын):
- «Сенің Раббың осылай деді; ол Маған жеңіл және Біз оны адамдарға аят-ғибрат әрі Өзімізден рахмет етеміз» деген Аллаһ Тағаланың сәлемін жеткізіп, (Жәбірейіл (оған Аллаһтың сәлемі болсын)) Мәриямның омырауына дем ұрды. Кеуде қуысынан кірген дем жатырға еніп, Мәриям бала көтерді.
Ай-күн жақындаған сайын Мәриям бойындағы баланы айналасындағы адамдарға қалай түсіндіруді білмей қатты састы. Әбден сарсаңға түскен ол баланы елсіз бір жерге барып босануға шешім қабылдады. Сөйтіп адам көзінен аулаққа жеке шықты. Сол кезде толғағы басталып, оның азабы оны бір қурап қалған құрма ағашының діңіне алып келді. Толғатып жатып оның ойы сан-саққа жүгірді. Мәселе ар-ождан, намыс, абыройға тіреліп, «Адамдар бұған не айтады?...» деген сұрақтан өзге ойына ештеңе келмеді.
Тән азабы мен жан азабын қатар тартқан Мәриям: «Мен бұл болмай жатып өліп кеткенімде еді, атым өшіп ұмыт болғанымда ғой», - деген ойға барды. Осылай көп азаптанған Мәриям ана адамзат тарихындағы ұлы пайғамбарлардың бірі – Исаны дүниеге әкелді.
Елсіз далада, жападан-жалғыз босанған Мәриям қатты әлсіреп қалған-ды. «Сол кезде оның төмен жағынан: «Қайғырма, Раббың астыңнан бір ағын су әкелді», - деген үн келеді.
Мәриям ол судан ішіп әл жинады. Қайтадан «Құрманың діңін сілкі. Саған жас піскен құрма түседі» деген әлгі үн қайта естілді.
Сондай-ақ Аллаһ Тағала Мәриямға:
«Одан же, іш, тоятта. Қорықпа, егер бір адам баласын көрсең, «Мен Рахман үшін ауыз тұттым. Бүгін ешбір адаммен тілдеспеймін» де», - деген нұсқау берді.
Бұл аяттағы «Мен Рахман үшін ауыз тұттым. Бүгін ешбір адаммен тілдеспеймін» дегенді қалай түсінеміз? Ол замандағы оразаның бүгінгі Исламдағы оразадан ерекшелігі сөз сөйлеуден де тыйылу еді. Бұл олардың шариғатына тән. Ал біздің шариғатымызда сөзден де тыйылатын оразаға тыйым салынған. Бұған дәлел: Бірде Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) күн астында тұрған кісіні көріп адамдардан: «Бұл кім?» - деп сұрайды. Адамдар оған: «Бұл – Әбу Исраил, ол ораза тұтып аяғынан тік қақшиып тұруға, көлеңкелемеуге және сөйлемеуге ниет еткен», - деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға: «Оған айтыңдар: отырсын көлеңкеге барсын, сөйлей берсін және оразасын аяғына жеткізсін», - деді (Имам әл-Бұхари риуаят еткен). Демек оразаның мұндай түрі біздің дінімізде ғибадат болып саналмайды.
Бір-бірінің артын ала келген уахилардан кейін Мәриямның көңілі тынышталып, ерік-жігерін жинақтап нәрестесін алып Бәйтул-Мақдиске келді. Оны көрген бетте адамдар өзара «Мәриям...? Баламен бе?...» деп күбірлей бастады. Оларға осыншалықты діндарлығымен танылған Мәриямның жасырын босанып келуі тосын жағдай еді. Адамдар оның айналасына жиналып қалды.
- Ей, Мәриям!.. Сен бір аса ауыр (күнәлі) нәрсемен келіп тұрсың ғой?! Ей, Һарунның қарындасы! Сенің әкең жаман кісі емес еді, шешең де арсыз емес-ті, - десті.
Олардың «Һарунның қарындасы» деулерінде Һарун мақсат тұтылып отырған жоқ. Мәриямның ізгілігімен танылған Һарун атты ағасы болатын. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Олар (балаларына) алдыңғы пайғамбарлар мен ізгілердің есімдерін қоятын», - деген (Имам Муслим, Имам Нәсәи, Имам әт-Тирмизи және Имам Ахмад риуаят еткен).
Мәриям оларға ешқандай жауап қатпай қолындағы сәбиді меңзеді. Адамдар: «Біз кішкентай құндақтағы нәрестемен қалай сөйлесеміз?» дегенде, нәресте тілге келіп:
«Мен Аллаһтың құлымын. Маған кітап келді, мені пайғамбар қылды және қайда болсам да құтты қылды, тірі болып тұрады екенмін, намаз бен зекетті тастамаймын. (Мені) анама мейірімді етіп, бір оңбаған зорлықшы қылмады. Маған туылған күнімде, өлер күнімде және қайта тірілер күнімде амандық болсын», - деді.
Міне Аллаһтың мұғжизасы! Жөргектегі нәресте ақида, иман, ғибадат, әдеп мәселелерінде теңдессіз сөздер айтты. Көпшілік алдында нәресте осы сөздерді айтқаннан кейін бұған біреулер сенді, ал біреулер сенбей «Бұл – сиқыр шығар» деп күмән келтірді. Ал яһудилер Мәриямға мүлдем сенбей, оны салдақы деп, оның ұлы Исаны салдақының баласы деп атайтын болды.
Олардың бұл қателіктерін әшкерелеп, Аллаһ Тағала:
«Олардың қарсы шығулары әрі Мәриямға зор жала жапсырған сөздері себепті...», - деген (Ниса сүресі, 156 аят).
Исаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) балалық шағы
Иса Бәйтул Лахм деген жерде дүниеге келген еді. Ол нәресте кезінде сөйлегенмен, кейін бала сөйлейтін жасқа келгенше сөйлемеген делінген. Бала кезінен-ақ оның бойында мұғжизалар бой көрсеткен, ал яһудилер болса бұл баладан шындап сескенді. Бұл сескеністің басты себебі – Иса ержеткеннен соң, өздерінің пасық іс-әрекеттерінің әшкерелеуінен қорыққан-ды. Ұлының амандығына алаңдаған Мәриям көбіне яһудилердің дұшпандық әрекеттерге баруынан сескеніп, мүмкіндігінше қалада болмауға тырысты. Сондықтан Бәйтул-Мақдистің маңындағы бір төбені мекен етті. Олар мекен еткен төбе Құранда: «Мәриям ұлы мен оның анасын бір ғибрат қылдық. Екеуін бір бұлақты, жайлы тепсең жерге орналастырдық», – деп айтылған (Муминун сүресі, 50 аят).
Исаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) пайғамбарлық міндеті
Иса ержеткенде көркем мінез-құлықты, өте ізгі жігіт болып қалыптасты. Ол отыз жасқа келгенде пайғамбарлық беріліп, оған Інжіл түсті. Осылайша, ол Тәуратты растаушы кітаппен келіп, адамдарды Аллаһ жолына шақыра бастады. Аллаһ тағала:
«Пайғамбарлардың ізінше алдындағы Тәуратты растаушы етіп, Мәриямұлы Исаны жалғастырдық. Әрі оған ішінде туралық, нұр болған, алдындағы Тәуратты бекітуші, сондай-ақ сақтанушылар үшін тура жол, үгіт түрінде Інжілді бердік», – деген (Мәида сүресі, 46 аят).
Иса тарихтағы өзге пайғамбарлар сияқты белгілі бір қауымға, яғни исраилдіктерге жіберілді. Аллаһ тағала:
«Сондай-ақ Исраил ұрпақтарына елші етеді», – деп айтқан (Әлі Имран сүресі, 49 аят).
Исаның ұлы мұғжизаларының бірі – жансыз мүсінге жан бітіру еді. Бұл мұғжиза Құран Кәрімде Исаның тілінде:
«Шын мәнінде, сендерге Раббыларыңнан мұғжизамен келдім. Сендерге құстың мүсіні іспеттес жасап, оны үрлеймін. Сонда Аллаһтың бұйрығынша құс болады», – деп айтылған (Әлі Имран сүресі, 49 аят).
Сондай-ақ оның тағы бір ұлы мұғжизасы – тума соқырлар мен алапестерді жазу болатын.
«Аллаһтың рұқсатымен, анадан тума соқырды, алапесті жазамын» (Әлі Имран сүресі, 49 аят).
Ол тума соқыр яки алапес адамды келіп сипаса, олар айығып, жазылып кететін. Бұған қоса, ол адамдарға үйлерінде не жейтінін, нені сақтап қойғандарын бұлжытпай айтып беретін.
«Үйлеріңде не жеп, нені қойғандарыңнан хабар беремін. Расында, бұл жағдайда иман келтірген болсаңдар, сендер үшін, әрине, өнеге бар» (Әлі Имран сүресі, 49 аят).
Ал оның ең ұлы мұғжизасы өліктерді тірілту еді. «Өліктерді тірілтемін» (Әлі Имран сүресі, 49 аят).
Деректерде оның төрт өлген адамды тірілткені айтылады. Сондай-ақ аятта да «өліктерді» деп көпше түрдегі сөз қолданған. Бұл – араб тілі грамматикасы бойынша мұндай жағдайдың үш яки одан көп қайталанғанының дәлелі.
Иса Тәураттың кейбір үкімдерін өзгертті және қауымын тек бір Аллаһқа ғана ғибадат етуге шақырды. Аллаһ тағала бұл жайлы Құранда Исаның тілінде:
«Сондай-ақ сендерге алдымдағы Тәуратты растаушы әрі Раббыларыңнан сендерге харам етілген кей нәрселерді халал ететін аят келтірдім. Аллаһтан қорқыңдар да, маған бойсұныңдар. Негізінен, Аллаһ – менің де Раббым, сендердің де Раббыларың. Оған құлшылық қылыңдар, тура жол – осы» (Әлі Имран сүресі, 50-51 аяттар), – деген.
Исаға (оған Аллаһтың сәлемі болсын) ерген хауарилер
Яһудилер Исаға қарсы шықты. Оның соңынан санаулы хауарилер – ізбасарлар ғана ерді. Аллаһ тағала:
«Сонда Иса олардан қарсылық сезген кезде: «Аллаһ жолында жәрдемшім кім болады?» – деді. Хауарилер: «Біздер – Аллаһ үшін көмекшіміз, Аллаһқа иман келтірдік, куә бол, біз – шынайы мұсылманбыз», – деді» (Әлі Имран сүресі, 52 аят);
«Ей, мүміндер! Мәриямұлы Исаның хауарилерге: «Аллаһ жолында көмекшілерім кім болады?» – дегенде, хауарилердің «Аллаһ жолында біз көмекшіміз» дегендеріндей, Аллаһтың (дінінің) көмекшілері болыңдар. Сонда Исраил ұрпақтарының бір тобы қарсы шықты. Иман келтіргендерді дұшпандарына қарсы қолдадық. Сондай-ақ олар дұшпандарынан үстем болды» (Саф сүресі, 14 аят), – деп айтқан.
Осылай бар болғаны он екі хауари иман келтіріп, оның соңынан ерді. Алайда сонда да болса олардың имандарында екіұштылық бар еді. Бұл дүдәмаллық оларды, өзге мұғжизалар аз болғандай, Исадан мұғжиза ретінде көктен бір дастарқан түсіруді талап етуге итермеледі. Аллаһ тағала:
«Сонда хауарилерге: «Маған әрі елшіме сеніңдер!» – деп білдірген едім. Олар: «Біз сендік, шынайы мұсылман болғанымызға куә бол», – деген-ді. Сол уақытта хауарилер: «Ей, Мәриямұлы Иса! Раббың бізге көктен бір дастарқан түсіре ала ма?» – деді. (Иса): «Егер иман келтірсеңдер, Аллаһтан қорқыңдар», – деді. Хауарилер: «Біздің одан жегіміз келеді. Жүректеріміз орнықсын әрі сенің бізге шын айтқаныңды білейік. Сондай-ақ оған куә болушылардан болайық», – десті. Мәриямұлы Иса: «Уа, Аллаһ! Раббымыз! Бізге көктен дастарқан түсір! Әуеліміз бен соңғымызға мереке әрі Сенен бір белгі болсын. Бізді ризықтандыр! Сен – ризықтандырушылардың ең абзалысың», – деді. Аллаһ: «Күдіксіз, Мен ол дастарқанды түсіремін. Сонда егер одан кейін сендерден кім қарсы келсе, шынайы түрде Мен оны дүниеде ешкімді азаптамаған азаппен азаптаймын», – деді» (Мәида сүресі, 111-115 аяттар), – деген.
Бір деректе: хауарилердің тілегі қабыл болып, Аллаһтың әмірімен оларға көктен дастарқан түсірілді де, олар содан дәм татты делінсе, келесі бір хабарда мүлдем түспеген деп айтылған. Анығы Аллаһқа мәлім.
Исаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) көкке көтерілуі
Исраилдіктер Исаның бойында осыншалықты мұғжизалар бой көрсетіп жатқан соң, адамдардың жаппай оның соңынан еріп кетуінен, әрі өз діндеріне қауіп келуінен қорқып, олардың дінбасылары пайғамбарға қарсы қастандық ойластырады. Бұл ойларын сол аймақта римдіктерге арқа сүйеп үкім жүргізіп отырған патша арқылы іске асырғылары келіп, оған Исаның зор беделі оның тағына қауіп тудыратынын айтып, иландырады. Сөйтіп, патша Исадан шынымен-ақ қауіптене бастайды. Нәтижеде, оны өлтіру үшін шабармандарын жібереді.
Сол кездегі ең бір азапты түрде өлтіру тәсілі – жазалыны дар ағашқа (крестке) керіп, аяқ-қолдарын шегелеп, бірнеше күн бойы іліп қою еді. Нәтижеде, жазалы адам тыныс жетпей өлетін. Залым патша Иса пайғамбарға осы жазаны қолданбақ болды. Бұл кезде Исаға пайғамбарлық міндет жүктелгеніне небәрі үш-ақ жыл, ал оның өзі отыз үш жаста болатын. Яһудилер оны өлтіруге анық кіріскен кезде Аллаһ тарабынан оған қатысты тағы да бір ұлы мұғжиза бой көрсетті. Ол Исаның көкке көтерілуі еді. Абдуллаһ ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) бұл оқиғаны әңгімелей отырып:
«Аллаһ Исаны көкке көтеруді қалаған кезде, ол жолдастарына келді. Үйде хауарилерден он екі кісі бар еді. Ол үй ішіндегі бұлақтан шықты, басынан су тамшылап тұрды. Сөйтіп, ол: «Расында, сендердің араларыңда маған иман келтіргеннен кейін он екі рет күпірлік танытатын біреулер бар. Қайсыңа менің ұсқыным дарып, орныма өлтірілсе, сол менің мәртебеме ортақ болады (яғни жәннатта)», – деді. Сонда олардың ең жасы болып табылатын бір жігіт орнынан тұрды. Иса оған «отыр» деп, сөзін тағы қайталады. Тағы да әлгі жігіт орнынан тұрды. Иса оған отыруға бұйырып, сөзін тағы қайталады. Қайтадан әлгі жігіт орнынан тұрып: «Мен», – деді. Сол кезде Иса: «Сен – солсың», – деді. Сөйтіп, оған Исаның ұсқыны дарыды да, пайғамбар үйдің төбе тесігінен көкке көтерілді. Исаны іздеп келген яһудилер ұқсасын алып кетіп, оны өлтіріп, дар ағашқа керді. Сонан соң хауарилердің кейбірі Исаға иман келтіргендеріне қарамастан, он екі рет күпірлік танытып, үш топқа бөлініп кетті. Кейбіреулері: «Аллаһ Өзі қалаған мерзім аралығында біздің арамызда болды да, сосын көкке көтеріліп кетті», – деді, олар – яғқубиялар. Бір тобы: «Аллаһтың ұлы өзі қалаған мерзім аралығында біздің арамызда болды да, сосын Аллаһ оны Өзіне көтеріп әкетті», – деді, ол – настурилер. Ал бір тобы: «Біздің арамызда Аллаһтың құлы әрі елшісі қалағанынша болды да, сосын Аллаһ оны Өзіне көтеріп әкетті», – деді, бұлар – мұсылмандар. Бірақ екі кәпір топ мұсылмандарды жеңіп, оларды өлтірді де, Аллаһ Мұхаммедті (с.а.с.) жібергенге дейін Исламның ізі жоғалды. Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһ тағаланың «Иман келтіргендерді дұшпандарына қарсы қолдадық. Сондай-ақ олар дұшпандарынан үстем болды» (Саф сүресі, 14 аят), – деген сөзінің мәнісі осы», – деген (Имам Муслим және Имам Нәсәи риуаят етті).
Аллаһ тағала:
«Сондай-ақ Аллаһтың елшісі, Мәриямұлы Иса Мәсихті өлтірдік!» дегендіктері себепті... Негізінде, олар оны өлтірмеді де, дар ағашқа кермеді де, бірақ оларға ұқсатылды. Расында, ол жайында қайшылықтағылар, әрине, одан күдіктенуде. Олардың оған байланысты мәліметтері жоқ. Бірақ күмәннің ғана соңында. Олар оны анық өлтірмеді. Жоқ, керісінше, Аллаһ оны Өзі жаққа көтерді. Аллаһ – өте Үстем, зор хикмет Иесі» (Ниса сүресі, 157-158 аяттар), – деген.
Иса (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қиямет қайымның белгісі
Ақиқатында, Иса тірі, көкте, Қиямет күні жақындағанда жер бетіне түседі. Аллаһ тағала: «Күдіксіз, ол (Иса) – Қияметтің белгісі» (Зухруф сүресі, 61 аят), – деген.
Ал Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаным қолында болғанмен (Аллаһ)пен ант етемін! Сендерге Мәриямұлының түсуі жақын қалды. Ол әділ билік жүргізіп, кресттерді сындырады, шошқаларды өлтіреді, соғысты жояды, мал-дүние асып-тасып, оны алатын ешкім болмай қалады, тіпті бір ғана сәжде дүние мен ондағылардан қайырлы саналады», – деген болатын (Имам әл-Бұхари және Имам Муслим риуаят еткен).
Иса Құран Кәрім мен Мұхаммед пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін басшылыққа ала мұсылмандарға жеті жыл билік жүргізіп, сосын кәдуілгі адам өлімімен дүние салады.
Абдуллаһ ибн Амрдан (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһ Мәриямұлы Исаны жібереді... сосын адамдар екеудің арасында дұшпандық жасамайтын жеті жыл тұрады. Содан соң Аллаһ Шам жақтан салқын жел жібереді. Жер бетінде жүрегінде шаңның тозаңындай жақсылық немесе иманы бар адамды қалдырмай жанын алады», – деген (Имам Муслим риуаят етті).
Иса пайғамбардың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) сипаттары мен қадір-қасиеттері жайлы
Оның түр-тұлғасы жайлы Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Исра түні... Исаға жолықтым. Орта бойлы, моншадан шыққандай қызыл реңді екен» (Имам әл-Бұхари риуаят еткен);
«Исаны, Мұсаны және Ибраһимді көрдім. Иса қызыл шырайлы, шымыр денелі, кең кеуделі екен» (Имам әл-Бұхари риуаят еткен);
«Түнде түсімде Қағбада екенмін. Қарасам, өте сұлу қоңырқай түсті, тараулы шашы иығына соғылған, басынан су тамшылап тұрғандай, қолдарын екі кісінің иығына қойған бір кісі Қағбаны тауап етіп жүр екен. Мен: «Бұл кім?» – деп сұраған едім; «Мәриямұлы Мәсих», – делінді» (Имам Муслим риуаят еткен), – деген.
Оның реңінің бір хадисте қызыл шырайлы, ал бірінде қоңырқай деп сипатталғанын ғалымдар: қызыл-қоңыр реңді болса керек деп түсіндіреді.
Оған тәңірлік төрт кітаптың бірі – Інжіл түсті. Аллаһ тағала:
«Оған Інжілді бердік, онда тура жол мен нұр бар» (Хадид сүресі, 27 аят), – деп айтқан.
Аллаһ тағала тарабынан оған анық мұғжизалар беріліп, Жәбірейіл (оған Аллаһтың сәлемі болсын) арқылы қуатталды. Аллаһ тағала:
«Мәриямұлы Исаға анық мұғжизалар беріп, оны қасиетті рух (Жәбірейіл) арқылы қуаттадық» (Бақара сүресі, 87 аят), – дейді.
Ол жөргекте сөйлеген. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Жөргекте үш-ақ сәби сөйлеген: Иса және исраилдіктердің арасында Журайж есімді бір кісі болатын. Ол намаз оқып жатқанда, анасы келіп шақырады. Журайж жауап берейін бе, жоқ намазымды үзбейін бе деп екіойлы болып тұрғанда, шешесі: «Тәңірім! Оны салдақылардың дидарын көргенше өлтірме», – деп теріс дұға етеді. Журайж ғибадатханасында отырғанда, бір әйел келіп, оны айналдырады. Бірақ Журайж бас тартады. Сосын әйел бір қойшымен әуейі болып, бір бала туады да: «Бұл кімнен?» – дегендерге: «Журайждан», – деп айтады. Адамдар келіп, оның ғибадатханасын бұзып, өзін масқаралап, тілдейді. Сонда Журайж дәрет алып, намаз оқиды да, әлгі сәбиге келіп: «Әй, бала! Әкең кім?» – деп сұрайды. Жөргектегі бала: «Пәлен деген қойшы», – деп жауап қайырады. Адамдар Журайжға: «Ғибадатханаңды алтыннан қайта тұрғызып берейік пе?» – дегенде: «Жоқ, лайдан тұрғызыңдар», – деді. Сондай-ақ исраилдіктерден бір әйел баласын емізіп отырғанда, жандарынан сымбатты бір аттылы кісі өтеді. Әйел: «Тәңірім! Баламды осы секілді ет», – деп дұға қылады. Сонда бала емуін тоқтатып, әлгі аттылы кісіге бұрылып: «Тәңірім! Мені оған ұқсатпа», – деп, қайта бұрылып емшек емуін жалғастырады. Сосын олар бір күңнің қасынан өткенде, әйел: «Тәңірім! Баламды мұндай етпе», – деп дұға қылады. Сонда бала қайтадан емшек емуін тоқтатып: «Тәңірім! Мені оған ұқсат», – дейді. Шешесі: «Не үшін?» – деп сұраған еді: «Аттылы кісі – зорлықшыл біреу, ал мына күң әйел – адамдар оны ұрлық қылды, зина істеді дейді, бірақ ол ондай істемеген», – деп жауап берді», – деп айтқан (Имам әл-Бұхари риуаят еткен).
Ол жоғарыда айтылғандай, туылған сәтінде шайтанның нұқуына ұшырамаған.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаһтан өзге құдай жоқтығына, Оның жалғыз, серігі жоқ екеніне және Мұхаммедтің Оның құлы әрі елшісі екеніне, сондай-ақ Исаның Аллаһтың құлы әрі елшісі, Мәриямға жолдаған сөзі мен рухы екеніне, жаннаттың хақ екендігіне және тозақтың хақ екендігіне куәлік берсе, Аллаһ оны жаннатқа оның сегіз қақпасының өзі қалағанынан кіргізеді» (Имам әл-Бұхари және Имам Муслим риуаят еткен);
«Егер кісі Мәриямұлы Исаға, сосын маған иман келтірсе, оған екі сауап бар» (Имам әл-Бұхари және Имам Муслим риуаят еткен), – деп өзімен бірге Исаға дұрыс иман келтірудің жаннатқа кіргізетінін айтқан.
Ол жаны жайсаң кісі болатын, қазымыр емес еді.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Мәриямұлы Иса ұрлық жасаған бір кісіні көріп: «Ұрлық қылдың ба?» – дейді. Әлгі кісі: «Жоқ, Одан өзге құдай болмаған Аллаһпен ант етемін», – деді. Сонда Иса: «Аллаһқа иман келтірдім де, көзімді жалғаншыға шығардым»,– депті», – деген (Имам әл-Бұхари және басқалар риуаят етті).
Иса Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) алдындағы соңғы пайғамбар болды, оны мен Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) арасында ешқандай пайғамбар жіберілмеген. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Пайғамбарлар – бір атаның ұлдары. Ал Мәриямның ұлына ең құқылы менмін, өйткені екеуміздің арамызда ешқандай пайғамбар болған емес», – деген (Имам әл-Бұхари риуаят етті).
Иса пайғамбар төңірегіндегі наным қайшылықтары
Адамдар Иса жайында көптеген көзқарастарға бөлінді; біреулер оны Аллаһтың ұлы десе, біреулер Аллаһтың Өзі, ал енді біреулер қасиетті үштіктің бірі деп шатасты. Аллаһ тағала:
«Ақиқатында, Аллаһтың қасында Исаның мысалы (Аллаһ) оны топырақтан жаратып, «бол» дегенде болған Адамның мысалындай» (Әлі Имран сүресі, 59 аят);
«Міне, осы: олар шүбәланған Мәриямұлы Иса жайындағы Аллаһтың хақ сөзі. Аллаһтың баласы болуы мүмкін емес. Аллаһ тағала одан мүлде Пәк. Ол бір істің болуын қаласа, тек қана оған «бол» дейді. Сонда ол болады» (Мәриям сүресі, 34-35 аяттар);
«Барлық мақтау бала иемденбеген әрі мүлкінде еш серігі болмаған, сондай-ақ әлсіздіктен көмекшісі болмаған (яғни Аллаһ тағала әлсіздер сияқты көмекшіге мұқтаж емес) Аллаһқа лайық», – деп айт және Оны асыра ұлықта» (Исра сүресі, 111 аят);
«Олар: «Аллаһ бала иемденді», – десті. Расында, өрескел нәрсе сөйледіңдер. Аллаһқа бала таңғандықтарынан көктер шатынай, жер жарыла, таулар құлап түсе жаздайды. Негізінен, Аллаһқа бала лайықты емес. Көктер мен жердегі әркім Аллаһқа құл болып келеді. Расында, Аллаһ оларды түгендеп, бір-бірлеп санын біледі. Сондай-ақ олардың барлығы Оған жеке-жеке келеді» (Мәриям сүресі, 88-95 аяттар);
«(Мұхаммед!) «Ол Аллаһ – Жалғыз. Аллаһ Мұңсыз. Ол тумады да, туылмады. Әрі Оған ешкім тең емес», – деп айт» (Ықылас сүресі), – деген.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Аллаһ тағала: «Адам баласы Мені орынсыз жалғаншыға шығарды және орынсыз тілдеді. Мені жалғаншыға шығарғаны – «Ол мені алғаш жаратқандай қайта тірілтпейді» деп айтқаны, Маған оны қайта тірілту алғаш жаратқандағыдан да оңай. Ал Мені тілдегені – «Аллаһтың баласы бар» деп айтқаны, Мен – Жалғызбын, Мұңсызбын. Тумадым, туылмадым және ешкім Маған тең емес», – деді» (Имам әл-Бұхари риуаят етті);
«Естіген нәрсесінде Аллаһтан сабырлы ешкім жоқ. Олар «Оның баласы бар» дейді, ал Ол оларды кешіріп, ризық береді» (Имам әл-Бұхари риуаят етті), – деген.
Аллаһ тағала және:
«Расында, «Аллаһты Мәриямұлы Мәсих» дегендер кәпір болды. Егер (Аллаһ) Мәриямұлы Мәсихты және оның шешесін де, тіпті біртұтас жердегілерді жоқ етуді қаласа, Аллаһтан құтқаруға кім кепіл?» – де. Көктер мен жердің және екеуінің арасындағылардың иелігі Аллаһта. Ол қалағанын жаратады әрі Аллаһ – әр нәрсеге толық күші Жетуші» (Мәида сүресі, 17 аят);
«Расында, Мәриямұлы Мәсихты «Аллаһ» дегендер кәпір болды. Негізінде, Мәсих: «Ей, Исраил ұрпақтары! Аллаһқа құлшылық қылыңдар! Менің Раббым әрі сендердің Раббыларың! Ал кім Аллаһқа ортақ қосса, расында, Аллаһ оған жаннатты харам етеді. Оның орны – тозақ оты. Сондай-ақ залымдар үшін жәрдемші жоқ», – деген. Сондай-ақ «Аллаһ үшеудің үшіншісі» дегендер кәпір болды. Бір Құдайдан басқа құдай жоқ. Егер олар бұл айтқандарынан тыйылмаса, олардан қарсы келгендерге күйзелтуші азап кезігеді. Сонда да Аллаһқа тәубе етіп, кешірім тілемей ме? Аллаһ – аса Кешірімшіл, өте Мейірімді. Мәриямұлы Мәсих – тек пайғамбар ғана. Одан бұрын да пайғамбарлар өткен. Оның анасы шыншыл еді. Екеуі де тамақ жейтін. (Мұхаммед!) Қара! Оларға аяттарымызды қалай ашық баян етеміз. Сонан соң қалай бұрылып бара жатқандарын көр! (Мұхаммед!) Оларға: «Аллаһтан өзге сендерге не пайда, не зиян келтіре алмайтынға құлшылық қыласыңдар ма? Негізінде, Аллаһ – бәрін Естуші, Білуші», – деп айт» (Мәида сүресі, 72-76 аяттар);
Сондай-ақ:
«Ей, Кітап иелері! Діндеріңде артық кетпеңдер және Аллаһ туралы шындықтан басқаны айтпаңдар. Шын мәнінде Мәриям ұлы Иса Мәсих Аллаһтың елшісі, Оның Мәриямға түсірген сөзі және Оның тарабынан болған бір рух. Сондықтан, Аллаһқа және Оның елшілеріне иман келтіріңдер әрі «үшеу» деп айтпаңдар. Өздеріңе жақсылық болуы үшін (одан) тыйылыңдар. Шын мәнінде Аллаһ жалғыз құдай. Ол баласы болудан пәк. Аспандар мен жердегілердің бәрі Оның иелігінде. Аллаһ қамқоршы болуда жеткілікті. Мәсих (Иса) Аллаһқа құл болудан арланбайды. Сондай-ақ (Аллаһқа) жақындатылған періштелер де. Ал кім Оның ғибадатынан бас тартып, тәкаппарлық қылса, таяуда Ол оларды түгелімен Өз құзырына жинайды» (Ниса сүресі, 171-172 аяттар);
«(Қиямет күні) Аллаһ: «Ей, Мәриямның ұлы Иса! Адамдарға: «Мені және анамды Аллаһтан басқа екі тәңір етіп алыңдар деп айтқан сенсің бе?» – дегенде, (Иса): «Сен (кемшілік атаулыдан) пәксің! Өзімнің құқығым болмаған нәрсені айту маған лайық емес. Егер айтқан болсам, ақиқатында Сен оны әлбетте білетін едің. Сен менің ішімдегіні білесің, ал мен Сендегіні білмеймін. Әлбетте Сен Өзің ғана ғайыптарды Білушісің. Мен оларға «Менің Раббым әрі сендердің Раббыларың Аллаһқа ғана құлшылық етіңдер», – деп, Сен бұйырғанды ғана айттым. Әрі олардың ішінде болған кезімде, оларға куә болдым. Ал Сен мені Өзіңе алғанан кейін, оларға Өзің бақылаушы болдың. Сен әр нәрсеге куәсің. Егер оларды азаптасаң, әлбетте олар Өзіңнің құлдарың. Ал, егер оларды кешірсең, ақиқатында Сен аса Үстем, өте Данасың», – дейді. Аллаһ: «Бұл шыншылдарға шындықтары пайда беретін күн. Оларға астынан өзендер ағатын жаннаттар бар. Олар онда мәңгі қалады. Аллаһ оларға разы, олар Оған (Аллаһқа) разы болды. Міне, осы – ұлы жетістік», – дейді. Аспандар мен жердің әрі олардағы нәрселердің билігі Аллаһтың иелігінде. Ол әр нәрсеге күші жетуші», – дейді» (Мәида сүресі, 116-120 аяттар), – деген.
Қолданылған әдебиеттер: Ибн Касирдің «Қисасуль-Әнбия», «Альбидая уа нихая».