×

Иман әлсіздігінің белгілері (қазақ тілі)

Дайындау:

Description

Иман әлсіздігінің белгілері қандай? Осы мақаланы оқып, білесіз

Download Book

    Иман әлсіздігінің белгілері

    مظاهر ضعف الإيمان

    >Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي

    Islamhouse.com

    —™

    Иман әлсіздігінің белгілері

    Негізінде иман әлсіздігінің өзіндік көптеген белгілері бар. Олардың кейбірі:

    1. Күнәлі іс-әрекеттерді орындау және Аллаһ Тағаланың тыйым салған харам нәрселерін істеу

    Күнә істеуші жанжардың арасында күнәні жасап және оны саналы түрде қайталай беретіндер немесе күнәнің басқа да түрлерін жасайтындар болады. Расында күнәлі іс-әрекеттерді көптеп орындау сол күнәлі іс-әрекеттерді үйреншікті әдетке айналдырып, адам бойындағы күнәлі іс-әрекетке деген жиреніштен бірте-бірте айырады. Соның нәтижесінде пенде өзінің жасаған күнәларын ашықтан-ашық жария етуге дейін барады. Осылайша ол: «Жариялаушылардан басқа үмметімнің барлығының күнәлары кешіріледі. Негізінде жариялау – кісінің түнде бір күнә жасап, ал Аллаһ оны жасырып қойғанынан кейін, таң атқанда: «Мен кеше былай істедім», - деп айтуы. Ол кісі ұйықтағанда Раббысы оның істеген күнәсын жасырып қойған еді, ал ол болса таң ата Раббысының жауып қойған пердесін өзі ашады», - деген хадистің үкіміне кіреді.

    2. Иман әлсіздігінің тағы бір көрінісі – жүректің қатайғаны мен қараюын сезу

    Кісі жүрегінің тас секілді қатып, еш нәрседен әсерленбеуі. Бұл жайында Аллаһ Тағала: «Және содан кейін де жүректерің қатайып, тастай немесе одан да қаттырақ болды», - дейді (Бақара сүресі, 74 аят).

    Расында өлім жайлы айтылған уағыз, үгіт-насихаттар немесе мәйіттерді көзбен көру де қарайып, мейірімсізденіп кеткен жүрек иелеріне еш әсер етпейді. Тіпті жаназа намаздарына қатысып, мәйітті иығына салып көтерсе де, қабірін қазып оны жерлесе де одан әсерленбейді. Мұндай кісілер бейіттердің арасында жүрсе де құр тастардың арасында жүргендей еш әсерленбейді, өлім жайлы бір сәт ой жүгіртпейді.

    3. Келесі көрінісі ғибадаттарды толық орындамау

    Яғни, намаз, Құран, тағы басқа дұғалар оқылғанда олардың мән-мағынасына зейін қоймау. Таңертең-кешке оқылатын дұғалардың мағыналарына көңіл аудармай әрдайым, оларды үйреншікті, құр жаттап алғандай оқуы. Ал егер арнайы бір дұғаларды айтып үйреніп қалған болса, оларды оқығанда есінеп ұйқысының келуі. Себебі, ол өзі оқып жатқан дұғаларының мән-мағынасы жайында ой жүгіртпейді. Аллаһ Тағала құдси хадисінде: «...немқұрайлы, салғырт жүректен шыққан дұға қабыл етілмейді», - деген (әт-Тирмизи, 3479).

    4. Иман әліздігінің көріністерінің бірі – ғибадаттарды орындауда еріншектік, жалқаулық танытып, бірте-бірте оларды орындамай қою

    Кей адамдардың құлшылық-ғибадаттары, іс-әрекеттері ықылассыз болады. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде екі жүзділерді: «Егер олар намазға тұрса, жалқауланып тұрады» (Ниса сүресі, 142 аят) деп баян етеді. Бұған қоса құлшылық-ғибадаттың уақыттары мен ізгі амалдардың көптеп жасалуына немқұрайлы қарау пенденің сауап жиюға қызықпайтындығын көрсетеді. Мысалы, жағдайы бола тұрып қажылық міндетін кейінге қалдырады немесе жамағат намаздарына кешігеді. Бірте-бірте жұма намазына да кешіге бастайды. Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын), бір хадисінде: «Қандай да бір қауым алғашқы қатардан кешіге береді кейін оларды Аллаһ Тағала тозаққа тастайды», - деген. Мұндай адамдар парыз намазына ұйықтап қалса яки сүннет амалдарды немесе күнделікті оқитын Құран бөлігін оқуды өткізіп алса олардың орнын толтыру былай тұрсын, тіпті ұялу, ыңғайсыздану, өкіну сезімдері де болмайды. Дәл осындай жағдай парызы-кифаяға да қатысты. Тіпті олар кейбір ғалымдардың шешімі бойынша міндетті саналатын уәжіп амалдарына жататын айт намаздарына да қатыспауы мүмкін. Сондай-ақ күн немесе ай тұтылған кезде оқылатын намаздарға, жаназа намаздарына қатысуға да көңіл бөле бермейді. Мұндай адамдар сауапты іске салғырт, немқұрайлы қарайды. Осылайша олар Аллаһ Тағаланың: «Ақиқатында олар игі істерді орындауда жарысатын, әрі қызығу және қорқумен Бізге дұға етіп, жалбарынатын. Және олар Бізге шын көңілден бәйек болады» (Әнбия сүресі, 90 аят) – деп сипаттаған адамдардың қатарынан алыс болады.

    Бұларға қоса иман әлсіздігінің тағат-ғибадаттардағы көріністерінің бірі сүннет, нәпіл амалдарға, түнгі намазды орындауда жалқаулық танытуы. Мешітке ерте бармаумен қоса, ол адам дұха намазы, екі ракағат тәубе және истихара намаздарының қаншалықты абзал екендігін жете түсіне бермейді.

    5. Келесі бір көрінісі кеуденің тарылып, мінездің өзгеріп, мазасыздықтың басуы

    Мұндай кісілер өздерінің үстінде ауыр бір жүкті арқалап жүргендей сезінеді. Олар тез тітіркеніп, арзымайтын нәрсеге де ашуланғыш келеді. Айналасындағы адамдардан қысылып, жаны тыныштық таппайды. Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын), иман жайында айта келіп: «Иман дегеніміз сабырлылық пен жан тыныштығы» (Силсилә сахиха/554) - десе, мүмін адамды: «Жақсы көреді де, жақсы көрінеді. Ал өзі жақсы көрмей, әрі оны жақсы көрмеген адамда қайыр болмайды» (силсилә сахиха/427) деп сипаттаған.

    6. Иман әлсіздігінің тағы бір көрінісі – Құран аяттарынан әсерленбеу

    Яғни, Аллаһтың уәдесінен де қорқытуынан да, бұйырғанынан да қайтарғанынан да, қиямет күнін сипаттағанынан да әсер алмауы. Иман әлсіздігі адамды Құран тыңдаудан да жалықтыруға әкеледі. Тіпті иманы әлсіреген сайын Құранның оқылуына оның нәпсісі бой бермейді. Қашан құранды ашып қолына алса, оны тездетіп жабуға асығады.

    7. Келесі бір көрінісі – Аллаһты еске алуда және Оған дұға-тілек жасауда немқұрайлылық таныту

    Иманы әлсіз адам үшін Аллаһты еске алу қиынға соғады. Егер екі қолын дұға-тілекке жайса, тездетіп түсіруге асығады. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Олар Аллаһты аз ғана еске алады» (Ниса сүресі, 142 аят) – деп екі жүзді мунафықтарды сипаттайды.

    8. Иман әлсіздігінің көріністерінің бірі – Аллаһтың тиым салған, харам етекендері жасалып жатқанда ашуланбау

    Өйткені жүректегі ар-намыс, қызғаныш оты өшіп қалған. Дене мүшелері жамандықтың кесірінен істен шыққан. Сондықтан мұндай адам досын жақсылық жасауға бұйырып, жамандықтан қайтармайды. Аллаһтың разылығы үшін оның жүзі өзгермейді. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) осындай әлсіздікке душар болғандар жайлы сахих хадистерінің бірінде: «Жүректерде қараңғылық темірге тот басқандай біртіндеп көріне бастайды. Қандай да бір жүрекке қараңғылық толығымен кіретін болса, онда бір қара нүкте пайда болады», - деп сипаттайды. Кейін ол жүрек Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Қара ала (ақ түске қара араласқан) құмыра секілді қисық, жақсылықты танымайтын, жамандықты қайтармайтын, тек қана өзінің қалағанын білетін болады» - дегеніне айналады.

    Мұндай жағдай адам бойындағы жақсы іс-әрекеттерді сүю мен жаман қылықтарды жек көру қасиетін жойып, оның ұғымында жақсы-жаман теңесіп, екеуі бірдей болып кетеді. Міне, осыдан кейін ол адамды жақсылыққа бұйыруға немесе жамандықтан қайтаруға не итермелейді дейсің?

    Ондай адам жер бетінде болып жатқан жамандықты есітіп оған риза болуы мүмкін. Сол себепті, ол сол істі көрген кісінің күнәсіндей күнәні өз мойнына жүктеп алады. Себебі Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахих хадистерінің бірінде: «Жер бетінде қандайда бір күнә жасалса, оны көріп жиіркенген адам оны көрмегендей болады. Ал, көрместен риза болған адам оны көргендей болады», - деген. Расында риза болу – жүректің ісі. Сондықтан жаман іс-әрекеттің орындалып жатқанын өз көзімен көріп, оған разы болған адаммен оны көрмей тұрып разы болған адамның күнә дәрежесі тең болады.

    9. Иман әлсіздігінің белгілерінің тағы бірі – көпшіліктің назарына ілігіп қалуды ұнату

    Мұның өзіндік бірнеше көріністері бар. Мысалы, басшы болуға ел билеуге талпынғанда оның жауапкершілігі мен қауіп-қатерлі тұстарын ойламау. Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде сендер басшылыққа ұмтыласыңдар. Бірақ ол қиямет күні өкініш болады. Біріншісі неткен жақсы. Ал, екіншісі неткен жаман», - деп ескерткен болатын. Себебі, біріншісінде мал-мүлік, дүние, байлық абырой-бедел, ләззат бар. Ал, екіншісінде – өлім және қиямет күні істеген іс-әрекеттеріне жауап беру бар. Тағы бір хадисінде Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Қаласаңдар сендерге басшылықтың не екенін айтып берейін. Тек қана әділ болған адамнан басқасы үшін ол: біріншісі – ұрыс, екіншісі – өкініш, үшіншісі – қиямет күнгі азап», - деп түсіндірген. Демек, билік тұтқасын қолына ұстаған адам сол орынға ең лайық, қолынан іс келетін Жүсіп пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) сияқты еңбекқор, әділ адам болса онда оның ешбір оқасы жоқ. Ал, бірақ көп жағдайда бұлай бола бермейді. Әдетте билікке ұмтылған кісі мансапқор, басшы болуға лайықты адамның жолын кесіп, оның құқықтарын аяқ асты етіп, бұйрық беру мен тыйым салу менің өзіме ғана тән болса екен деп тілейді.

    Мәжіліс, жиындарда басшылық етіп, жұртты сөзбен әсерлендіріп, барлығына тыңдауды міндет етіп қоюды жақсы көру

    Мәжілістердің төрі яғни, мінбері Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Михрабтардан сақ болыңдар», (Байһақи, 2/439) – деп қатты ескерткен «михрабтардың» яғни мәжіліс, жиын мінберлерінің дәл өзі.

    Кірген кезінде өзінің дертке шалдыққан нәпсісін массаттандыру үшін басқа адамдардың орындарынан тұрып қарсы алуын жақсы көру

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаһтың құлдарының оны тұрып қарсы алуы қуантатын болса, өзіне тозақтан бір үй дайындай берсін», - деген. Осыған байланысты бірде Муғауия ибн Зубайр мен ибн Амир отырған жерге келгенде, ибн Амир орнынан тұрып, ибн Зубайр орнына тұрмайды. Сонда Муғауия ибн Амирге: «Отыр! Мен Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім адамдардың оны тұрып қарсы алуын ұнатса, орнын тозақтан дайындай берсін», - деп айтқанын естідім» - деп ибн Амирдың тұрғанына разы болмаған екен.

    Бұл топқа кіретін адамдар Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын), сүннетін орындауда қасарысады. Егер де бір жиналысқа келсе, бір адам тұрып оған орын бермесе риза болмай өз ренішін білдіреді. Негізінде Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір адам екінші адамды орнынан тұрғызып, орнына отырушы болмасын», - деп мұндай істен қайтарған болатын.

    10. Иман әлсіздігінің тағы бір көрінісі – сараңдық және қызғаншақтық

    Аллаһ Тағала Құранда ансарларды: «Олар өздеріне қоныс аударып келгендерді жақсы көріп, оларға берілген нәрселерге көңілдерінде кірбеңдік болмайды. Сондай-ақ, өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді» (Хашр сүресі, 9 аят) – деп мақтап-мадақтайды. Бұған қоса Аллаһ Тағала кімде-кім сараңдықтан сақтанса, құтылушылардан болатынын баян етеді. Расында сараңдық иманның әлсіздігінен туындайтындығына еш күмән жоқ. Себебі Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Пенденің жүрегінде еш уақытта иман мен сараңдық сиыспайды» (Насаи риуат еткен) – деген.

    Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Сараңдықтан сақ болыңда. Расында сендерден алдыңғылар сараңдықтан құрыды. Оларды (шайтан) сараңдық етуге бұйырғанда сараңдық қылды, ағайын-туыспен араласпауды бұйырғанда араласпады, арсыздықты бұйырғанда арсыздық қылды» (Әбу Дәуд, 2-324), - деп сараңдықтың қатерлігі мен оның жанға тигізер әсерін баян етеді.

    Ал, иманы әлсіз сараң адам садақа жинаушы шақырса да, мұсылман бауырлары кедейленіп қиналса да Аллаһ разылығы үшін қалтасынан еш нәрсе шығарып бере алмайды. Бұл жайында Аллаһ Тағала: «Негізінде сендер сол Аллаһ жолында мал жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда, кейбіреулерің сараңдық етеді. Кімде-кім сараңдық қылса, өзіне ғана сараңдық қылады. Өйткені Аллаһ бай, сендер кедейсіңдер. Егер Аллаһтан бет бұрсаңдар, орындарыңа сендерден басқа халықты ауыстырады. Сосын олар сендер сияқты болмайды» - дейді (Мұхаммед сүресі, 38 аят).

    11. Иман әлсіздігінің тағы бір көрінісі – өзі істемейтін ісін «істеймін» деп айтуы

    Құранда Аллаһ Тағала: «Әй, мүміндер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар. Істемейтін істеріңді айту – Аллаһтың алдында зор ашуға себеп болады» (Саф сүресі, 2-3 аят) – деп баян етеді. Сөзсіз жасамайтын істі жасаймын деп айту – екі жүзділіктің белгісі. Кімде-кімнің сөзі ісіне қайшы келсе, Аллаһтың алдында ұятты, ал халық алдында жек көрінішті болады. Жақсылыққа бұйырып, өзі істемейтін, жамандықтан қайтарып, өзі соны істейтін тозақтықтардың көздері ақиқатқа кеш жетеді.

    12. Мұсылман бауырының зиян шегіп, басына қиыншылық түскеніне немесе нығметтен айырылып қалғанына қуану

    Расында мұндайға қуану иман әлсіздігінің басты белгілерінен. Шын мәнінде басқадан өзін ерекше етіп тұратын нәрседен олардың өздері айырылып қалды. Нығметтің барлығынан айырылғандар – дәл өздері.

    13. Иман әлсіздігінің тағы бір көрінісі – іс-әрекеттеріне күнәға жату немесе жатпау тұрғысынан ғана қарау

    Сондай-ақ, ұнамсыз іс-әрекеттерді орындауда көз жұму. Кейбір адамдар бір іс істейтін болса, бұл істің сауабы туралы емес, «Күнә ма, әлде күнә емес пе? Бұл іс харам ба, әлде жәй ғана макруһ (ұнамсыз амал) па?» - деп сұрайды. Мұндай сұрақтар адамды көптеген орындалуы күмәнді әрі макруһ амалдарды орындауға алып барады. Осылайша күндердің бірінде ол кісі харам істерге ұрынуы әбден мүмкін. Мұндай адамдар макруһ немесе күмәнді істер харам болмаса, оларды істеуден тиылмайды. Бұл Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім күмәнді істерді істесе, харамды істегені. Себебі ол рұқсат етілмеген жерде мал бағып жүрген малшы секілді. Ол сол жерге кіріп кетуі әбден мүмкін» (Бұхари, Муслим) – дегенінің дәл өзі.

    Ал, кейбір адамдар бір істің харам екенін білсе, оның харамдығы яғни, тыйым салынғандығы қатаң түрде ме, әлде жеңіл түрде ме деп сұрайды. Не болмаса ол істі істеудің күнәсі қаншалықты үлкен екенін сұрайды. Мұндай адамдар жамандықтан алыс жүруге көңіл бөлмейді. Бәлкім ол адам харамның алғашқы дәрежелерін істеуге әдеттеніп қалған болуы да мүмкін. Кейін онымен күнәлардың арасындағы перде түсіп қалады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын), бірде сахабаларына: «Қиямет күні жақсылықтары таудай болған менің үмметімнен шығатын қауымдарды білемін. Бірақ Аллаһ олардың жақсылықтарын шашыраған тозаңға айналдырады», - дейді. Мұны естіген сахабалардың арасынан Саубан деген кісі: «Әй, Аллаһтың елшісі! Біз білмей қалып солардың қатарынан болып қалмау үшін бізге оларды сипаттап, анықтап бер», - дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Олар сендердің бауырларың, өздеріңнің араларыңнан. Сендер сияқты түнде тұрып намаз оқиды. Бірақ егер Аллаһтың харам еткендерімен жеке қалса, оларды бұзады», - (яғни, харам нәрселерді істейді) деп сипаттап береді.

    Расында мұндай адамдардың харам нәрселерді ешбір сақтанусыз, ойланбай істегендерін көресің. Мұндай адам харам нәрседен қорқып барып істеген адамнан да жаман. Бұл екі адамның екеуі де қатерлі халде тұр. Бірақ біріншісі екіншісінен де жаман. Адамдардың бұл түрі иманының әлсіздігінен күнәлардың барлығын жеңілдетіп жібереді. Ол өзін жамандық істедім деп ойламайды. Абдулла ибн Масғуд екіжүзді адам мен мүмін адамның мысалын: «Мүмін адам күнәларын өзі астында отырған таудай көреді де ол оның үстіне құлап кететіндей қорқып жүреді. Ал күнәһар адам күнәларын мұрнына қонған шыбындай көреді де оны қолымен ұшырып жіберетіндей сезінеді», - деп сипаттайды.

    14. Жақсылықтарды азсыну (кемсіну) және кішкентай жақсылықтарға көңіл бөлмеу

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бізге олардың қатарынан болмауды үйреткен. Имам Ахмадтың жеткізген хадисінде Әбу Жари әл-Һужәйми: «Мен Аллаһтың елшісіне келіп: «Әй, Аллаһтың Елшісі, біз шөл даладан келген халықпыз. Бізге Аллаһ Тағала пайда беретін бір нәрсені үйретіңіз», - дедім. Сонда Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Су сұраған адамға су бергеніңде шелегің босап қалса да немесе бауырыңа сөйлегенде жылы жүзбен қарасаң да жақсылықтың біреуін де азсынбаңдар», (яғни, барлығын істеуге тырысыңдар) – деді» дейді. Құдықтың басына су алуға келген адам үшін шелегіңді босатып беру кішкене ғана іске ұқсап көрінсе де оған немқұрайлы қарама. Сол секілді бауырыңа жылы жүзбен қарау, мешіттен кішкене бір ыбырсықты (қоқымды) алып шығу да азғантай ғана сауап бар сияқты көрінсе де оны орындауға салғырт қарамау керек. Кім білсін мүмкін ол күнәлардың кешірілуіне себеп болар. Раббымыз осындай амалдарды орындаған пенделерге разы болып, оның күнәларын жояды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір кісі жолда кетіп бара жатып бір ағаштың бұтағын көреді де: «Аллаһтың атымен ант етейін! Мен мұсылмандардың жолынан мынаны алып тастаймын бұл оларға ешқашан зиянын тигізбесін», - деді. Міне, сол үшін Аллаһ оны жәннатқа кіргізді» (Имам Муслим риуаят еткен) – деген.

    Кішігірім жақсы амалдарды кемсіткен адамның бойында қандайда бір кемшілік бар. Осыған орай, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім мұсылмандардың жолынан бір кедергіні алып тастаса, оған бір жақсылық жазылады. Ал кімде-кімнің бір жақсылығы қабыл етілсе, жәннатқа кіреді» (Имам Бұхари риуаят еткен) – деп сүйіншілеген. Бір күні Муаз ибн Жәбәл бір кісімен бірге жолда келе жатқанда, Муаз жолдан бір тасты алып тастайды. Сонда қасындағы кісі: «Неге олай істедің?» - деп сұрайды. Сонда оған Муаз: «Мен Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім жолдан бір тасты алып тастаса, оған бір жақсылық жазылады. Ал кімде-кімнің бір жақсылығы болса, ол жәннатқа кіреді» (Табарани, Силсилә сахиха) – дегенін естіп едім деп жауап береді.

    15. Мұсылмандардың жағдайларына көңіл бөлмеу және оларға дұғамен, садақамен болса да көмек көрсетпеу

    Мұндай адамдар өздерінің саулығынан басқаны ойламайды. Әрі әлемнің әр түкпіріндегі мұсылмандарға деген жылы сезімі болмайды. Оларды жау басып алса да, қиыншылыққа ұшыраса да, табиғи апаттарға тап болса да ол адамдарға бәрі бір. Мұның барлығы да иманның әлсіздігінен. Ал, нағыз мүмін адам бұл айтылғандарға қарама-қарсы болады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүміннің иман иелеріне қатысы – бастың денеге қатысындай. Бастың ауырғанына дене қандай сезімде болса, мүмін де иман иелері үшін сондай сезімде болады» (Имам Ахмад риуаят еткен) – деген.

    16. Иман әлсіздігінің тағы бір көрінісі – мұсылман бауырлардың арасындағы бауырластықтың үзілуі

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі адам Аллаһ үшін немесе ислам үшін бірін-бірі жақсы көрсе, ол екеуінің арасын біреуі жасап қойған күнә ғана айырады» (Имам әл-Бұхари «Әдәбүл муфрад»-да, және Имам Ахмад риуаят еткен) – деп түсіндірген. Бұл хадис бауырластықтың арасын күнә ғана үзетініне дәлел. Басқаша айтқанда екі адам араларындағы жылулық сезімнің кетіп қалғанын сезсе, бұл олардың күнәләрінің кесірінен болып иманның әлсірегенін көрсетеді. Өйткені, жүректерінен алып тастайды да, ол адам олардың арасында ең жаман өмірмен өмір сүреді. Ол құрметсіз, қадірі жоқ болады. Сонымен қатар ол мүміндердің достығынан айырылып, Аллаһтың қорғауынан тыс қалады. Аллаһ Тағала тек иман келтіргендерді қорғайды.

    17. Келесі көрінісі – діні үшін қызмет етудің жауапкершілігін сезінбеу

    Иманы әлсіз адам дінді насихаттауға оған қызмет етуге ұмтылмайды. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары керісінше, дінге кіре салысымен бірден дінге шақыруға асыққан. Мысалы, Туфайл ибн Амрдің Ислам дінін қабылдауы мен өз елін дінге шақыруының арасы қанша уақытта созылды десеңізші?! Ол кісі дінге кіре салысымен өз елін дінге насихаттауға барын салды. Ол өзінің мойнындағы үлкен жауапкершілікті сезінді де Аллаһ елшісінен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын), өз еліне қайтуға рұқсат сұрады. Еліне оралғаннан соң Аллаһқа шақыруға кірісті. Ал қазіргі таңда дінге кіргеннен кейін ұзақ уақыт бойы өзгелерге дін ақиқатын жеткізуге талпынбайды. Сахабалар, Аллаһ олардан разы болсын, дінді кең таратуға тырысқан. Сәмәд ибн Әсел, Аллаһ одан разы болсын, (Ямама қауымының басшысы) ұсталып, оны мешітке алып келген кезде Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған исламды түсіндіреді. Сол уақытта Аллаһ оның жүрегін ашады да исламды қабылдап умраға (кіші қажылыққа) барады. Меккеге жеткен кезде Құрайштың кәпірлеріне: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын), рұқсат бермейінше сендерге Ямамадан бидайдың бір дәні де келмейді» - деп айтады. Міне ол кісі дінге кіре салысымен дінге қызмет ретінде және кәпірлерден бөліну үшін оларға қысым көрсетеді. Себебі оның иманы сол амалды оған міндеттеп қойған болатын.

    18. Басына қиыншылық түссе немесе бір мүшкіл жағдайға тап болса қорқып, дірілдеп, көздері бадырайып әбіржіп қалуы

    Мұндай иманы әлсіреген адам егер де бір бәлеге душар болса, сасқалақтап көзіне ешнәрсе көрінбей, болып жатқан оқиғаға қарсы тұра алмайды. Мұның барлығы иманының әлсіздігінен болады. Егер де иманы күшті болса, оның жүрегі мықты болып қиыншылықтарға қарсы тұра алатын еді.

    19. Иман әлсіреуінің бір көрінісі – жүректі қатайтатын бәсеке мен талас-тартыстың көптігі

    Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Тура жолға түскен қауым тек талас-тартыстан кейін ғана адасады» (Имам Ахмад риуаят еткен). Ал орынсыз, ешбір дұрыс мақсатсыз жасалған талас-тартыс тура жолдан адасуға алып барады. Қазіргі кезде адамдар арасында ақиқатсыз тартыстар қаншалықты көбейіп кеткен. Олар ешбір себепсіз, білімсіз, әрі Аллаһтың кітабына жүгінбей-ақ тартыса береді.

    Бұл жаман әдетті тастауға Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім хақылы болып тұрып, тартыс пен күмәнді тастаса, мен оған жәннаттың төмен жағынан үй берілуіне сенімдімін (яғни, кепілдік беремін)» (Әбу Дәуд риуаят еткен) – деген хадисінің өзі жеткілікті.

    20. Келесі көрінісі-дүниеге жабысып, оны жақсы көріп, оған ұмтылу

    Жүрек дүние-мүлікті жақсы көріп оның иесі егер байлық, мансап, абырой сияқты бір нәрседен қалып кетсе, қатты қиналады. Басқалар қол жеткізген жетістікке жете алмағаны үшін ол өзін несібесі аз, алданып қалғандай көреді. Тіпті ол басқаларды көре алмауы мүмкін. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Пенденің жүрегінде иман мен көре алмаушылық бірге сиыспайды», - деп айтып кеткендей мұндай іс имандылыққа керағар болады.

    21. Өзге қауымдардың сөздерін, мінез-құлықтарын алып иманнан ажырай бастау

    Мұндай адамдардың бойынан, істеген іс-әрекеттерінен Құран, хадис, сахабалардың сөздеріне сай амал таппайсың.

    22. Иман әлсіздігінің тағы бір көрінісі – өзіне көңіл бөлуде шектен шығу

    Тамақ ішіп-жеуде, киім киюде, көлік міну тағы басқа осы сияқты нәрселерде тым шектен шығу. Мұндай адамдар өмірге бір жақты көңіл бөліп, барлық уақыты мен дүниесін жақсы киіну, үйін үлкейту, әшекейлеу секілді осындай нәрселерге жұмсағанын көресің. Ал мұндай нәрселер ол үшін аса қажетті, зәру емес. Сондай-ақ, оның орынсыз жұмсаған қаржысына мұқтаж болып жүргендер қаншама. Бұған қоса Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Шалқып өмір сүруден сақтан. Шын мәнінде Аллаһтың құлдары астамшылықпен өмір сүретіндерден емес» (Әбу Нуъайм, Ахмад) – деген.

    معلومات المادة باللغة العربية